АЛМАТЫ, 30 сәуір – Sputnik. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев қазақстандықтарға мамырдағы мерекелерді үйде атап өтуге шақырды.
"Мереке күндері қазақстандықтарды бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырмауға, адамдар көп жиналатын жерге бармауға және демалыс күндерін шағын отбасылық шеңберде өткізуге шақырамын", – деді Байтанаев.
Ол сондай-ақ бүкіл әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз екенін еске салды.
Көптеген елде коронавирус жылдам таралып, пандемия құрбандарының саны күн сайын артып келеді. Мамандар Covid-19 коронавирусының мутациясы мен жаңа штамдары екі есе тез таралатынын және сырқат ауыр өтетінін айтып жатыр.
"Адам көп жиналатын жерде инфекция жұқтыру қаупі өте жоғары. Барлық мерекені және өзге де іс-шараларды онлайн форматта өткізуге немесе отбасыңызбен бірге үйде болуға шақырамын. Сауда ойын-сауық орталықтарына, қоғамдық тамақтану орындарына барып, өз денсаулығыңызға, жақындарыңыздың, сондай-ақ айналаңыздағы адамдардың өміріне қауіп төндірмеңіз", – деп толықтырды комитет өкілі.
Қазақстандықтарға барлық санитарлық ұйғарымдарды, жеке сақтық шараларын қатаң сақтап, коронавирусқа қарсы вакцина салдыру қажет. Тек, осылай ғана инфекцияны жеңуге болады, деп атап өтті Байтанаев.
"Қазір Қазақстанның көптеген өңірі "қызыл" аймақта тұр. Сол себепті салтанатты, мерекелік және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға қатаң тыйым салынады. Алайда қойылған талаптардың сақталмай отырғанын көріп отырмыз. Оны сақтамайтын азаматтар мен бизнес өкілдері. Құрметті қазақстандықтар, сақтық шараларына жауапсыздық танытпауларыңызды сұраймын. Осы жарқын мерекені – Қазақстан халқының бірлігі күнін жақындарыңыздың арасында өткізіңіз, өзіңізді күтіп, үйде болыңыз", – деді ол.
Оқи отырыңыз: Сағынтаев карантин кезінде кәсіпкерлерге қандай көмек көрсетілетінін айтты
Айта кетейік, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Биыл мереке сенбіге түсті, сондықтан қазақстандықтар дүйсенбіде демалады.