НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір – Sputnik. Биыл еңбек министрлігі 1 миллион 200 мың адамға жұмысқа орналасуға жәрдемдеседі. Бұл туралы ведомство басшысы Серік Шәпкенов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Биыл біз 1 миллион 200 мың адамды жұмыспен қамту шаралары арқылы қолдауды жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 700 мың адамды "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасымен, 32 мың адамды – жұмыспен қамту жол картасымен, 440 мың адамды – өзге де мемлекеттік бағдарламалармен қамтимыз", деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов үкімет отырысында.
Ол "Еңбек" бағдарламасы бойынша қамтылатын 227 мың адамға жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің түрлі шаралары көрсетілетінін атап өтті. Олар үш бағыт бойынша жүреді.
Біріншісі, қысқа мерзімді оқытуға, техникалық және кәсіби білім алуға 36 мың адам жіберіледі. Бүгінде 2 мың адам қысқа мерзімді курстарға қатысып жатыр.
Оқи отырыңыз: Нұр-Сұлтанда әлеуметтік көмек алуға өтініш қабылдау басталды
Екіншісі, "Бастау" бизнес жобасы бойынша 10 500 адамды бизнес дағдыларына оқыту басталды. Жыл соңына дейін 30 мың адам оқытылады.
"Оған қажет қаражат пен ресурстар толық қарастырылған. Биыл өзі үшін ашуға және кеңейту үшін 5 мың микрокредит пен 21 мың грант беріледі", деді министр.
Үшінші бағыт бойынша субсидияланатын жұмыс орындары есебінен еңбек нарығына бейімделу бойынша 128 мың адамға және 7 мың адамның өз еркімен көшуіне қолдау көрсетіледі.