НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір — Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі - бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Киясов инфекциялық стационарлардағы жағдайды жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"21 сәуірдегі жағдай бойынша республикада инфекциялық төсек-орындарда жатқан науқастардың саны 41 процентке жетті, ал жансақтау бөлімдерінің 28 проценті бос емес", - деді Қиясов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, инфекциялық стационарларда жатқан науқастардың саны жағынан Батыс Қазақстан мен Алматы облыстары алда тұр. Ол жерде төсек-орындардың 58 проценті толған. Алматы қаласында осы көрсеткіш 55 процентті құрап отыр.
"Наурыз айымен салыстырғанда коронавирусқа шалдығу жағдайлары Ақмола, Қостанай, Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан бөлек басқа аймақтарда көбейіп отыр. Соның 58 проценті үш аймақта тіркелген. Олар – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары, сондай-ақ Алматы облысы", - деп атап көрсетті Қиясов.
Айта кетейік, соңғы бір тәуліктің ішінде республика бойынша 2 696 адамнан коронавирус инфекциясы ПТР-тестпен анықталды.
Оқи отырыңыз: Қазақстанның екі облысы "қызыл аймаққа" өтті