НҰР-СҰЛТАН, 9 сәуір – Sputnik. Алматы қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев жаппай вакциналауды қайта бастау мерзімін атады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Алматыда жаппай вакциналауға бәрі дайын. Уақытын қосымша хабарлаймыз. Әзірше, 13 сәуір деп отырмыз", – деді Табынбаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оның айтуынша, медициналық мекемелерден бөлек базарлар мен сауда орталықтарында екпе салу пунктері жасақталды. Ал жетуге жолы қиын аудандарға мобильді топтар барып отырады.
"Қазіргі кезде төрт машина дайын тұр. Медицина қызметкерлері мен еріктілерді оқыту шаралары атқарылып жатыр", – деп атап көрсетті Табынбаев.
Оның айтуынша, арнайы штаб халық санына қарай қажетті екпе салу пунктерін есептейді. Жалпы, қалада бір миллион адамға вакцина салу жоспарланған. Осы айдың аяғына дейін вакцинаның 300 мың дозасы жеткізіледі.
Ресми мәліметке сәйкес, Алматыда 1 ақпаннан бері 50 мыңға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырған. Соның ішінде 12 мың адам екпенің екінші компонентін алып үлгерді.
Оқи отырыңыз: Желіде алматылық әйелдің вакцина салдырғаннан кейін қайтыс болғаны туралы видео тарады
Айта кетейік, бұған дейін қалада жаппай вакциналау тоқтатылған болатын. Бірақ инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары санатқа кіретін адамдарға екпе салынып жатыр.