НҰР-СҰЛТАН, 7 сәуір — Sputnik. Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният алматылық дәрігердің вакцинадан қайтыс болғанын растаған жоқ, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Біз Алматы облысындағы әріптесіміз туралы хабарды тексердік. Біріншіден, министрліктің атынан оның туған-туыстарына көңіл айтамыз. Екіншіден, ол кісі вакцина алғаннан кейін екі күн өткен соң, үйінде құлап, қайтыс болған. Сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Алматы қаласында комиссия құрылды. Мәйітті қараған мамандар "ол адам жүректің ишемиялық ауруынан қайтыс болды" деген алдын ала қорытынды шығарып отыр. Әрі қарай комиссия тексереді. Сондықтан қазір ол кісі вакцинадан көз жұмды деп айта алмаймыз", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.
Оқи отырыңыз: Желіде алматылық әйелдің вакцина салдырғаннан кейін қайтыс болғаны туралы видео тарады
Оның айтуынша, қазіргі кезде ресми түрде тіркелген вакцинадан қайтыс болған адамдар жоқ. Осы орайда вице-министр екпенің жанама әсерлеріне де тоқталды.
"Вакцинаның аллергиялық әсері болса, 30 минуттың ішінде байқалатын еді. Ал бұл жағдай екі күннен кейін болып отыр. Сондықтан жан-жақты тексеріп, сараптама жасау қажет", - деп атап өтті Ғиният.
Айта кетейік, әлеуметтік желіде тараған видеода Алматыдағы №4 перзентхана қызметкері коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін бір күн өткен соң қайтыс болғаны туралы айтылады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Видеода әйелдің кеше вакцина салдырғаны, оның түнімен қалтырап шыққаны сөз болады. Жақындары сорпа бергенімен, жағдайы жақсармаған. Таңертең алтыда туысы оятқан, алайда ол оянбаған. Олар оны ұйықтап жатыр деп ойлайды. Біраз уақыттан кейін қайтадан оятуға тырысқан, сол уақытта оның қайтыс болғанын көрген.
Марқұмның үйінің алдында полицияның көлігі тұр, видеоны түсірген адам жедел жәрдем келіп, әйелдің денесін алып кететінін жеткізеді.