19:28 11 Сәуір 2021
Тікелей эфир
  • USD433.15
  • EUR515.06
  • RUB5.61
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
840610

Қазақстанда ғылыми дәрежелер беру ережелері өзгерді. Диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысты нормативтік-құқықтық актілерге тиісті түзетулер енгізілді

НҰР-СҰЛТАН, 5 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов докторанттардың диссертация қорғау процедурасына қандай өзгерістер енгізілгенін айтты.

Жаңа ережелерге сәйкес, енді докторанттар ғылыми атағын қорғау үшін диссертация жазбаса да болады. Беделді, рейтингі жоғары журналдарда бірнеше ғылыми мақала жарияласа, жеткілікті. Десе де, диссертация қорғаудың дәстүрлі форматы мүлдем алынып тасталмайды. 

"Докторанттар зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында жариялауы тиіс ғылыми мақалалардың саны 7-ден 4-ке дейін қысқарғанын білесіздер. Ал бір немесе екі ғылыми мақаласы рейтингі өте жоғары, беделді журналдарда жарыққа шыққан болса, докторант диссертациясын қорғауға мүмкіндік алады. Бұл санға емес, сапаға бағытталған өзгеріс өткен жылы енгізілген болатын. Биылдан бастап кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алады. Ол үшін докторант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек", - деп жазды министр Facebook-те.

Айтуынша, бұл жаңашылдық ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді.Мұндай тәжірибе көптеген шетелдік жоғары оқу орындарында бұрыннан қолданылып келеді. 

Дегенмен, Аймағамбетов бұл балама әдіс ретінде пайдаланылатынын атап өтті. Докторант бұрынғыдай өз қалауымен дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады.

Сондай-ақ, ол диссертациялық кеңестердің құрамы халықаралық тәжірибені ескере отырып жасақталатынын мәлімдеді.

"Докторанттың зерттеу тақырыптары әралуан болғандықтан, диссертациялық кеңес мүшелерінің жартысы уақытша тағайындалады. Енді кеңес мүшелері, қорғау қорытындысы бойынша диссертациялық кеңес PhD дәрежесін беру (1), PhD дәрежесін бермеу (2), диссертацияны қайта қорғауға жіберу (3) немесе докторант жұмысын пысықтауға жіберу (4) сынды шешім қабылдай алады. Бұған дейін кеңес мүшелері тек екі шешімнің біреуін қабылдайтын еді", - деп толықтырды министрлік басшысы.  

Бұған қоса, енді дауыс беруге ресми рецензенттер де қатысады.

Тағы оқыңыз: Енді мұғалім болып жұмысқа тұру үшін диплом жеткіліксіз – Аймағамбетов

Бұдан бөлек, ғылыми жұмысты қорғау процедурасы интернет арқылы тікелей эфирде жүргізіледі.

"Яғни, диссертацияны қорғау рәсімі толығымен ашық форматта өтеді. Ендігі кезекте ғылыми және академиялық қауымдастықты белсенді болуға шақырамын. Енді кез-келген ғылыми зерттеулермен танысып, докторанттардың жұмысына ашық пікір қалдыра аласыздар", - деді Аймағамбетов.

Докторанттың диссертациясы толық дайын болған кезде, ғылыми жұмыс кафедраның кеңейтілген отырысында бір рет талқылаудан өтеді. Негізгі талқылау жұмыстары диссертацияны қорғау кезінде жүргізіледі. Осылайша қорғау сапасы жақсарып, диссертациялық кеңестердің жауапкершілігі артады, деді министр.

Сондай-ақ, енді қазақстандықтар диссертацияны онлайн форматта қорғай алады.

Ол ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындары үшінші жыл қатарынан PhD дәрежесін өздері тағайындап, жеке үлгідегі дипломдар беріп жатқанын нақтылады. Енді ұлттық жоғары оқу орындары докторанттардың жарияланымдарына өз шешімі бойынша қосымша жоғары талаптар қоя алады.

"Өткен жылы жоғары оқу орындарындағы академиялық адалдықтың негізгі қағидаттары нормативтік құжаттарда бекітілген болатын. Жарияланымдарға қойылатын талаптар күшейтілді. Сәйкесінше отандық ғылыми журналдар да контент сапасына ерекше назар аудара бастады. Бұл шешім былтыр сәуір айында қабылданғанымен, журналдарға қойылатын жаңа талаптар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Яғни, баспаларға өз журналдарын жаңа сапалы талаптарға бейімдей алуы үшін жеткілікті уақыт берілді", - деп түсіндірді Аймағамбетов.

Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті қабылдаған басылымдардың жаңа тізіміне 31 журнал кірді. Бұл журналдардың қатары әлі де артпақ.

Тақырып бойынша

Кемінде 200-400 мың теңге: Аймағамбетов қандай маңызды шешім қабылданғанын айтты
Министр Аймағамбетов игі бастаманы қолға алды
Аймағамбетов кейбір мұғалімдерді қуантатын жаңалықты бөлісті
Оқытушылардың жалақысын көбейту керек – Аймағамбетов
Кілт сөздер:
Білім және ғылым министрлігі, Асхат Аймағамбетов
Загрузка...

Басты тақырып