АЛМАТЫ, 25 наурыз – Sputnik. Жақында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстанда сәуірде миллионнан астам азаматты вакциналау жоспарланып отырғанын хабарлады. Наурыздың ортасына дейін елімізде 100 мыңнан астам адамға вакцина салынды. Олардың басым бөлігі – медицина қызметкерлері.
Сонымен қатар полицейлер мен білім ошақтары қызметкерлеріне вакцина егілді. Ал 40-50 адамға концерт беріп, көпшілік арасында жүрген өнер адамдары ше? Олардың инфекция жұқтыру қауіпі жоғары азаматтар тізіміне ену-енбеуі белгісіз. Себебі елімізде көпшілікті жинап іс-шара өткізуге болмайды. Алайда әлеуметтік желі арқылы әншілердің көрермен жинап ән салып жүрген видеосы жиі тарап жүр.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Осыған орай, Sputnik Қазақстан тілшісі көпшілікке танымал бірқатар азаматқа хабарласып, коронавирусқа қарсы вакцинаға қатысты ойын білді.
Әнші Маржан Арапбаева коронавирусқа қарсы вакцинаның жылдар бойы тәжірибеден өтпегенін айтып, вакцина салдыруға қорқатынын жеткізді.
"Тіпті, білмеймін. Ештеңе айта алмаймын. Бәрі қорқынышты. Вакцинадан кейін не болатынын білмеймін ғой. Қорқыныш бар. Себебі бұл жылдар бойы тексерілмеген дүние. Концерттерге барып жүрмін, бірақ инфекция жұқтырып алу туралы қорқыныш, ой болмайды", – дейді әнші.
"Сақтықта қорлық жоқ" дегенді ұстанатын Арапбаева медициналық масканы тастамайтынын да айтып өтті.
Ал әнші Жазира Байырбекова отбасында мұндай тақырыптағы мәселені күйеуі Жанболат Ербатыровтың шешетінін алға тартты.
"Жанболат шешеді. Менің жаңалық көруге уақытым да жоқ. Үйде кішкентай бала бар... Вакцина салу туралы сөйлескен жоқпыз", – дейді Байырбекова.
Жиындарға барғанда инфекция жұқтырып алу туралы қорқыныш болатынын айтқан әнші иммунитетті көтеру туралы ойлайды. Алайда вакцина туралы ой болмаған.
Бүркіт атымен танылған әнші Айбек Жансейітов вакцина туралы сауалға қысқа жауап берді.
"Білмейді екенмін. Есімізді енді жиып жатырмыз. Ештеңе білмеймін", – деді ол.
Сонымен қатар спортшы Әділбек Ниязымбетовтың те коронавирусқа қарсы вакцина салдыру туралы ойын сұрадық.
"Қарсымын. Оны салдырып не істейді? Коронавирусқа қарсы вакцинаға қарсымын. Біздің денсаулығымыз жақсы. Ауырып қалатындай емес. Сондықтан салдыртпағанды жөн көріп отырмын. Мысалы спортшылар салмақ түсірген кезде кішкентай бала сияқты ауырып қалады. Спортшылардың ауырып қалуына вакцинаның қатысы жоқ. Өзіміз де салмақ түсірген кезде ауырып қалып жүрдік", – дейді Ниязымбетов.
Оқи отырыңыз: Мүфтият ораза кезінде вакцина салуға қатысты түсініктеме берді
Спортшы жақында Маңғыстау облысында басшылық қызметке тағайындалды. Көпшілікпен бірге жұмыс істейтініне қарамастан ол инфекция жұқтырып қалудан қорықпайды.
"Ондай қорқыныш жоқ. Осы уақытқа дейін де қаншама адаммен сөйлестік. Қаншама жиналыста болдық. Жұғатын болса сол кезде жұғар еді", – дейді ол.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау 2021 жылдың бірінші ақпанында басталды. Бірінші кезеңде медицина қызметерлеріне вакцина егілді. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салынады.