НҰР-СҰЛТАН, 16 наурыз – Sputnik. Қазақстанда коронавирустың жаңа штаммы әзірге анықталған жоқ. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Қыркүйек пен қаңтар аралығында ел аумағында жүргізілген геномдық зерттеу қорытындысына сәйкес, "британдық", "оңтүстікафрикалық", "бразилиялық" сияқты коронавирустың жаңа штамм түрлері тіркелген жоқ", – деді Цой үкімет отырысында.
Айтуынша, наурыз айында қосымша сынамалар алынып, генотип зерттеуіне жіберілді.
Сонымен қатар, министр халықаралық әуе рейстерімен ұшып келетін жолаушыларға да тоқталды.
Бүгінде Қазақстан 14 елмен әуе қатынасын жандандырды, аптасына 95 рейс орындалады.
Министрдің айтуынша, әуе жолаушыларының ең көбі Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларына ұшып келеді.
Оқи отырыңыз: Иммунолог коронавирусқа қарсы антиденелер жайлы өтіріктің бетін ашты
Айта кетейік, 6 қазаннан бері мемлекеттік шекараны бір миллионнан астам адам кесіп өтті. 203 мың жолаушы тест тапсырып, 1 042 адамнан вирус табылды.