АЛМАТЫ, 15 наурыз – Sputnik. Цифрлы өнімдерді зерттеуші ресейлік маман Эльвина Насибулина телефон батареясының мерзімінен бұрын ескіруіне әкелетін қателіктерді атады, деп жазды "Российская Газета".
Маман смартфонды түнде қуаттағышқа қосып қалдырмауға кеңес берді. Керісінше ұйықтар алдында біраз уақыт бұрын қуаттап, энергияны үнемдеу режимін қосып қоюды ұсынды.
"Телефонды температура тым жоғары немесе тым төмен бөлмеде қуаттамаған жөн", - деп атап өтті Насибулина.
Сарапшы Қытайдан әкелінген "әмбебап қуаттағыштарды" пайдаланбай, түпнұсқа адаптерлерді пайдалануды ұсынды. Сондай-ақ, телефон қуаты толық таусылғанын күтудің қажеті жоқ.
Оқи отырыңыз: Телефондағы қандай хабарламаларды жойып отыру керек
"Батареядағы қуат деңгейі 10-15% болған кезде құрылғыны тоққа қосу қажет. Смартфон батареясы үшін 20%-тен төмендемеген және 80%-тен аспаған қуат деңгейі өте қолайлы болып саналады", - деді маман.
Егер телефон қуаты тез таусылатын болса, параметрден қуат статистикасын тексеру қажет. Айтарлықтай ақау байқалса, бірден жөндетуге апарған дұрыс.