НҰР-СҰЛТАН, 25 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос азаматтық үшін жауапкершілікті қатаңдату керек деп санайды. Бұл туралы ол ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ол көптеген елдегі сияқты Қазақстанда да қос азаматтыққа тыйым салынғанын атап өтті. Тиісті норма ел Конституцисында бар.
"Алайда, соңғы уақытта бізде қос азаматтық фактілері жиілеп кетті, тіпті олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер де бар. Бұған белгілі себептерге байланысты жол берілмейді. Аталған проблема өте күрделі, өйткені бұл ұлттық қауіпсіздікке қатысты. Мұндай фактілердің жолын кесу қажет", - деді Тоқаев кеңес отырысында.
Президент былтыр мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік ұйымдар басшыларын қос азаматтық анықталған жағдайда, қызметінен босатуды тапсырған болатын.
"Үкімет пен мемлекеттік қызмет істері агенттігіне атқарылған жұмыс нәтижелері туралы баяндауды сұраймын. Мұндай заңбұзушылықтар үшін жауапкершілікті бұдан да қатаңдату керек сияқты", - деді мемлекет басшысы.
Жуырда Шымкент қалалық спорт басқармасының башысы Олег Почиваловтың қос азаматтығы бар екені анықталды. Осыған байланысты шенеунік Қазақстан азаматтығынан айырылды.
Өткен жылдың соңында "Олег Почиваловтың Қазақстан мен Ресейдің қос азаматтығы бар" деген ақпарат тараған болатын. Сол кезде спорт басқармасы осы мәліметті жоққа шығарған.
Оқи отырыңыз: Илья Ильин Қазақстан азаматтығынан айырылған шенеунікке араша түсті
Ал 10 желтоқсанда сенатта өткен жиында ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди қос азаматтығы бар екі мемлекеттік қызметші туралы айтқан. Оның сөзіне қарағанда, өткен жылы он бір айдың ішінде қос азаматтыққа қатысты 431 факт тіркелді. Соның ішінде Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында екі мемлекеттік қызметшінің қос азаматтықпен жүргені анықталды.