НҰР-СҰЛТАН, 11 ақпан – Sputnik. Атом энергиясын пайдаланатын нысандарда жұмыс істейтін персоналға аттестаттаудан қайта өту мүмкіндігі беріледі. Атом энергиясын пайдалану мәселелері туралы заң жобасында осындай норма көзделген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, қолданыстағы заң бойынша ядролық қондырғылармен жұмыс істейтін қызметкерлер аттестаттаудың үш түрінен өтеді.
Біріншісі – бастапқы аттестаттау. Жұмысқа тұрғаннан кейін бір айдың ішінде өтуі керек.
Екіншісі – мерзімді, үш жылда бір рет өткізіледі.
Үшіншісі – кезектен тыс. Ядролық қондырғыларда оқыс оқиға болған кезде, соған жол берген лауазымды азаматтар өтеді.
"Бүгін ұсынылған заң жобасында қайта аттестаттау мүмкіндігін енгізіп отырмыз. Бұрын жоғарыда аталған үш аттестациядан өте алмай қалған мамандар жұмысынан шеттетілетін. Ал қазіргі таңда үш аттестациядан өтпей қалған кезде, бір айдың ішінде қайта аттестаттаудан өту құқығы беріледі. Егер қайта аттестаттаудан да өтпей қалса, онда ол жұмысынан айырылады", – деп түсіндірді Ноғаев сенат отырысында.
Ведомство басшысы қазір республиканың бес жоғары оқу орнында атом энергиясы саласының мамандары даярланатынын атап өтті. Сондай-ақ Ресейдегі университет пен мекемелермен тәжірибе алмасу, тағылымдамадан өту мәселелері жолға қойылған. Одан басқа АҚШ-тың, Жапонияның энергия агенттіктерінде МАГАТЭ-ның қаржысына мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүзеге асады.
Оқи отырыңыз: ТМД елдері ядролық апат кезінде бір-біріне көмектеседі – парламент заң қабылдады
Сенат заңды қабылдап, президенттің қол қоюына жіберді.