Қоғам

ТМД елдері ядролық апат кезінде бір-біріне көмектеседі – парламент заң қабылдады

© Sputnik / Тимур БатыршинТМД елдерінің туы
ТМД елдерінің туы - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Келісім мақсаты – аумағында ядролық апат немесе радиациялық авариялық жағдай туындаған елге апат салдарын барынша азайту және халықтың денсаулығын қорғау үшін шұғыл көмек көрсетуге жәрдемдесу

НҰР-СҰЛТАН, 21 қаңтар – Sputnik. Парламент сенаты ТМД елдерінің ядролық апат туындаған жағдайда бір-біріне көмек көрсетуін көздейтін келісімді ратификациялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сенаттың жалпы отырысында "ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайына дайындықты және олардың зардаптарын жою кезіндегі өзара көмекті қамтамасыз ету бойынша өзара іс-қимылы туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасы қаралды.

"Келісімді ратификациялау ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуал туындаған жағдайда ТМД-ға қатысушы мемлекеттер арасында ақпарат пен көмекті жедел ұсынуға мүмкіндік береді", – деді энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Келісім ТМД елдерінің уәкілетті органдары арасында өзара іс-қимылдың тиімділігі мен өнімділігін арттыруға, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға байланысты кез келген ықтимал оқиғаларға уақтылы ден қоюға бағытталған.

Құжат ядролық авария немесе радиациялық авариялық ахуалдың туындау жағдайында мамандандырылған құтқару құрылымдарын, мамандарды, құрал-жабдықтарды, көліктерді және осы құрылымдарды техникалық жарақтандыру үшін пайдаланылатын материалдарды трансшекаралық өткізу рәсімдерін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Атом энергиясын пайдалану саласында трансшекаралық авария немесе оқыс оқиға туындаған жағдайда, Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп, құлақтандыру және ден қою жөніндегі шараларды қабылдайды.

Заң жобасын қабылдау келеңсіз әлеуметтік-экономикалық және өзге де салдарға әкеп соқпайды.

Оқи отырыңыз: "Жалғыз төтеп бере алмайды": Мамин ТМД-ны пандемияға қарсы бірігуге шақырды

Келісім жобасы ТМД Экономикалық кеңесінің 2018 жылы 14 маусымда өткен отырысында мақұлданды. Оған 2018 жылы 2 қарашада астанада ТМД үкімет басшылары кеңесінің отырысы аясында Қазақстан премьер-министрі қол қойды.

Келісімнің тараптары: Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан.

Сенат келісімді ратификациялау туралы заңды қабылдады.

Жаңалықтар
0