Қоғам

Тоқаев білім туралы заңға қол қойды: қазақстандықтардың өмірі қалай өзгереді

© Sputnik / Абзал КалиевАсхат Аймағамбетов
Асхат Аймағамбетов - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Білім министрі Асхат Аймағамбетов президент қол қойған білім туралы заңға енгізілген өзгерістерді түсіндірді

АЛМАТЫ, 12 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда балабақшалар, мектептер мен колледждер бес жылда бір рет мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, мемлекет басшысы заңға қол қойды – білім беру мәселесі бойынша заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Заңға сәйкес, аттестаттау бес жылда бір рет өтеді. Ол арқылы білім беру ұйымдарындағы білімнің сапасы анықталып, ата-ана, оқушы мен педагогтар арасында сауалнама жүргізіледі.

"Аттестаттау – сыртқы мониторинг және білім беру ұйымдарының белгіленген стандарттар бойынша орындаған жұмыстарын бағалайтын құрал. Ең бастысы, аттестаттау тек проблемаларды айқындаушы репресивті құрал емес, оларды жоюға бағытталған нақты ұсыныстар беру тетігі болады", – деді министр.

Сондай-ақ, аттестаттау кезінде материалдық-техникалық база, кадр құрамы және басқа да аспектілер бойынша белгіленген талаптарға сәйкестігі бағаланады.

Жаңа бағдарламаға сараптама жүргізіледі

Аймағамбетовтің айтуынша, оқу жоспарлары мен оқу бағдарламалары білім беру процесіне енгізілгенге дейін міндетті түрде сараптамадан және апробациядан өтеді.

"Енді оқу процесіне жаңа бағдарламаны енгізу үшін алдымен міндетті түрде сараптама, кейін апробация жүргізіледі. Осылайша болуы мүмкін кемшіліктер анықталады. Бұл – өте маңызды норма, жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге байланысты жұмыстарда асығыстық жасамау керек", – деп жазды министр.

Сонымен қатар оқулықтардың сапасын одан әрі жақсарту, оқу материалдарын әзірлеу кезінде бірізділік болуы үшін министрлік мектеп оқулықтары және оқу-әдістемелік құралдардың құрылымы мен мазмұнына талап қояды. Бұл оқулықтардың сапасын арттыруға бағытталған.

Білім ордасына алып кіруге болмайтын заттар тізімі бекітіледі

Қабылданған заңға сәйкес, министрлік білім беру ұйымдарына алып кіруге және онда пайдалануға тыйым салынатын заттардың тізімін бекітеді. Бұл норма оқу орнында білім алушылардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы үшін және алдын алу шараларын күшейту үшін енгізілді.

Заңда қашықтан білім беруге қатысты жаңа нормалар да бар. Қашықтан оқыту ұғымы және қашықтан оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту жөніндегі уәкілетті органның құзыреті бекітілді. Енді қашықтан білім беруге қатысты талаптар айқындалады.

Оқи отырыңыз: Қашықтан оқыту қашан аяқталады – Аймағамбетов эксклюзивті сұқбат берді

Айта кетейік, бұған дейін мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды.

Жаңалықтар
0