НҰР-СҰЛТАН, 6 қаңтар – Sputnik. Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жүк көлігі және пойыз кептелісіне қатысты жағдай форс-мажор деп танылды. Бұл жөнінде "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.
2020 жылдың желтоқсанында "Атамекен" ҰКП индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қазақстандық вагондар мен жүк автокөліктерінің Қытай шекарасы арқылы өтуіне ҚХР шектеу енгізген күнді көрсетіп ресми хат жолдау туралы өтініш білдірген болатын.
Қытаймен шекарада 8 мыңнан астам вагон кезек күтіп тұр
Бүгінгі күні ҚХР аумағына кіру үшін шамамен 7,5 мың жүк көлігі кезек күтіп тұр.
"Қазақстан темір жолы" АҚ (ҚТЖ) мәліметі бойынша, 2021 жылдың 6 қазанында Қытайға барар жолда 8,4 мың вагон кептелісте тұр. Қытай тарапынан ресми құжаттың болмауы жағдайды қиындатып жіберді. Себебі осының салдарынан кәсіпкерлер бұл жағдайды форс-мажор деп мойындай алмайды.
Оқи отырыңыз: Депутаттар қазақ-қытай шекарасындағы жағдайға алаңдаушылық білдірді
"Атамекен" үкіметтен көлік кептелісі мәселесін шешу үшін Қазақстан мен Қытай үкімет басшыларының келіссөз жүргізуін өтінген болатын. Өкінішке қарай, жағдай сол қалпында тұр", - деді палатадағылар.
Қытай үнсіз
Сонымен қатар, 2020 жылдың желтоқсан айының басында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен өткен жиында шекарадағы көліктердің тұрып қалуын растайтын ресми хат ұсыну туралы келісім жасалды.
"Қазақстан Республикасының "Темір жол көлігі туралы" заңының 86-бабына сәйкес, жүк көліктерінің немесе пойыздардың қозғалысы осы заңмен белгіленген тәртіпте тоқтатылуы немесе шектелуі салдарынан міндеттемелер орындамалмаса немесе тиісті деңгейде орындалмаса, онда тараптар жауапкершіліктен босатылады", - деп жазылған индустрия министрлігінің хатында.
Сондай-ақ, ведомство атап өткендей, осы жағдайға байланысты қытай тарапы әзірше ешқандай жауап берген жоқ.
Зардап шеккен кәсіпкерлер қайда хабарласуы керек
Көрсетілген хат 2020 жылдың шілдесі мен желтоқсаны аралығында шекарада қалыптасқан жағдайды форс-мажор деп тануға негіз бола алады. Бұл кәсіпкерлерге серіктестерімен жүктің кешігуіне байланысты проблеманы шешуге мүмкіндік береді.
Форс-мажор туралы куәлікті алу үшін мына нөмірлер бойынша кәсіпкерлердің сыртқы сауда палатасына хабарласу керек: +7 (705) 564 19 26 (Жанар), +7 (707) 705 82 02 (Лаура), +7 (707) 47 47 615 (Сандуғаш), +7 (777) 351 71 71 (Жұлдыз) немесе мына электронды поштаға хат жолдауға болады: info.icc.kz@gmail.com.
Еске сала кетейік, шекарадағы кезекке коронавирус пандемиясы мен оған байланысты енгізілген шектеулер себепші болды.