Саясат

Депутаттар қазақ-қытай шекарасындағы жағдайға алаңдаушылық білдірді

© Sputnik / Болат ШайхиновФлаги Казахстана и Китая
Флаги Казахстана и Китая - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қытай ел аумағына Қазақстаннан кіретін авто және теміржол көліктерінің санын шектеген. Ал бұл өткізу бекеттеріне салмақ түсіріп, ұзын-сонар кезектің түзілуіне әкеп соқты

НҰР-СҰЛТАН, 24 желтоқсан – Sputnik. Қытайдың Қазақстанмен шекарасында карантинді күшейтуі ұзын-сонар кезек пен отандық экспорттың азаюына әкеп соқты. Сенат депутаттары құзырлы органдардан жағдайды шешу үшін қандай шара қабылданып жатқанын сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

Сенат отырысында техникалық реттеу туралы заң жобасын талқылау кезінде депутат Ольга Булавкина қазақ-қытай шекарасында коронавирусқа байланысты қатаң карантин енгізілгеніне назар аударды. Айтуынша, Қытай ел аумағына Қазақстаннан кіретін авто және теміржол көліктерінің санын шектеген. Ал бұл өткізу бекеттеріне салмақ түсіріп, ұзын-сонар кезектің түзілуіне әкеп соқты.  

"Пандемия басталғалы көліктерді өткізу 10 есе төмендеді. Кей жерлерде, тіпті, жүк тасымалына тыйым салынған, бұл қосымша шығындарды, шарт міндеттемелерінің орындалмауына әкеледі, қазақстандық кәсіпкерлер үшін тасымалды жоспарлау принциптерін бұзады", - деді сенатор. 

Есесіне Қазақстан Қытайдан келетін жүктерді жылдам әрі толық көлемде қабылдауда. 

Осыған байланысты депутат Қазақстанның жауапты мемлекеттік органдары қалыптасқан жағдайды реттеу, тауар экспортын толық көлемде жандандыру және елдер арасында жүк тасымалын ұлғайту бойынша қандай шаралар қабылдап жатқанын сұрады. 

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов екі ел шекарасында мұндай проблема барын жоққа шығармады. Айтуынша, Қытаймен шекарада жүктің барлық түрінің санитарлық өңделуі кептеліс тудырды, көп жағдайда 14 күндік карантин енгізілуде. 

"Бүгінде Қытайдың Ресеймен, Моңғолиямен, Қырғызстанмен және басқа да елдермен шекарасында осыған ұқсас жағдай байқалады. Біз өз тарапымыздан Қытайдың елшілігімен де, салалық министрлігімен де бірнеше келіссөз жүргіздік. Бірақ олар шекара бойынша барлық серіктесіне бірдей талап қойған. Дегенмен де қосымша шаралар қабылданып жатыр", - деді министр. 

Мәселен, шекара маңындағы көліктік-логистикалық өткізу пунктерінде жүктерді ауыстырып тиеу тетігі енгізілуде.

"Нұр жолы" ірі өткізу бекетінде жүктерді өткізу мүмкіндігін ұлғайту мәселелері пысықталуда. Жүкті тиеу және түсіру, санитарлық өңдеу процестерін жылдамдату үшін осы тауар партияларын ірілендіру көзделіп отыр. Сондай-ақ, Қытайдың өткізу пунктеріндегі әріптестермен жұмыс кестесін үйлестіру, яғни бірлесіп 1,5 сағатқа ұзарту пысықталуда", - деді ол.

Сұлтановтың ойынша, Қытай шекарасындағы жағдай Қазақстанға алдын ала декларациялау, жұмысшыларды жалдауға шарт жасау жүйесін өзгерту керек екенін көрсетті. 

Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов те шекарада күрделі жағдай қалыптасқанын атап өтті. 

"Экпортқа қатысты айтар болсақ, шынымен де, қазір Қытай тарапы қазақстандық тауарлардың экспортын мүлде өткізіп отырған жоқ, ел аумағына кіретін көліктер саны 10 есеге қысқарды", - деді ол. 

Алайда қаржы министрлігі өз құзыреті шегінде тиісті шаралар қабылдады. 

"Шілде айынан бастап біз төтенше жағдайға байланысты жабылған үш өткізу бекетін аштық. Бірақ, Қытай өз тарапынан тек бір ғана өткізу пунктін ашты,  екеуі әлі де жабық. Сонымен қатар, кезегін күтіп отырған тасымалдаушыларға жағдай жасадық. Арнайы автотұрақ ұйымдастырылды, электронды кезек жасалды", - деп толықтырды вице-министр. 

Бұдан бөлек, Қазақстан Қытайдың кеден органдарына өткізу мүмкіндігін ұлғайту туралы өтінішпен хат жолдаған. 

"Өкінішке қарай, бүгінде қабылданып отырған шаралар жемісін беріп отырған жоқ. Шекарадағы жағдай пандемиямен байланысты ахуалдың жақсаруына қарай қалпына келеді деген ойдамын", - деді Баеділов.

Жаңалықтар
0