НҰР-СҰЛТАН, 2 желтоқсан – Sputnik. Желтоқсан айының ортасында Қазақстанда отыз градус аяз болады. Сынап бағанасы республиканың солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде төмендейді, деп хабарлады Қазгидромет.
Синоптиктердің болжауынша, желтоқсанның бірінші онкүндігінің басында және соңында республиканың солтүстік жартысында, орталығында және шығысында кей жерлерде қар жауады, бұрқасын соғады.
"Ауа температурасы түнде -23-28°С, күндіз -12-20°С болады. Онкүндіктің соңында аяз түнде -13-23°С дейін, күндіз -5-13°С дейін әлсірейді", - делінген хабарламада.
Еліміздің батысында ауа райы көбінесе жауын-шашынсыз болады. Ауа температурасы – түнде -15-25°С, күндіз -7-15°С шамасында. Бірінші онкүндіктің соңында фронтальды бөліктердің өтуіне байланысты қар жауып, жел күшейеді, ауа температурасы түнде -9-15°С, күндіз 0, -5°С дейін көтеріледі. Қазақстанның оңтүстік-батысында температура түнде -2-10°С тан -8-16°С дейін, күндіз -2+3°С тан -3-8°С-қа дейін ауытқиды деп болжанып отыр.
Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында онкүндіктің басында және соңында жауын-шашын жауады, онкүндіктің басында тау және тау бөктеріндегі аудандарда қатты жауын-шашын, көбінесе қар жауады. Тұман түсіп, көктайғақ болады және жел күшейеді. Ауа температурасы түнде -5-13°С-тан -10-20°С-қа дейін, күндіз -5+5°С-тан -8-13°С-қа дейін төмендейді.
Қазақстанда аяз болады
Қазгидромет республиканың солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде желтоқсан айының ортасында термометр бағанасы түнде -22-30°С-қа дейін, күндіз -10-18°С-қа дейін төмендейтінін хабарлады.
Қазақстанның батысында екінші онкүндіктің басында және соңында ауа температурасы түнде -10-18°С, күндіз -5-13°С-қа дейін айтарлықтай төмендейді.
Елдің оңтүстік бөлігінде екінші онкүндіктің ортасында ауа температурасы түнде -10-20°С-қа дейін, күндіз -5-13°С-қа дейін төмендейді.
Айдың соңында Қазақстанның барлық аумағында аяздың беті қайтады.
Сонымен, Қазақстанның басым бөлігінде желтоқсан айында ауа температурасы норма шамасында, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарында, Қарағанды облысының шығысында, Жамбыл облысының оңтүстік-шығысында нормадан 1°С төмен болады деп болжануда.
Республиканың басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері норма шамасында болады.
Оқи отырыңыз: Биылғы қыс қандай болады – синоптиктер болжам жасады
Солтүстік Қазақстан облысында, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстік жартысында, Ақмола облысының солтүстігінде, Алматы облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Түркістан және Жамбыл облыстарының тау және тау бөктеріндегі аудандарында нормадан көп, Маңғыстау облысында, Ақтөбе облысының оңтүстік жартысында, Атырау облысының оңтүстік-шығысында, Қызылорда облысының батыс жартысында нормадан аз болады.
Казгидромет бір айға арналған болжамды консультативтік болжам ретінде пайдалану керектігін ескертті. Ол кейіннен онкүндіктің ауа райы болжамдары арқылы нақтыланады.