Қоғам

"Кинодағыдай болды": Солтүстікке көшкен әйел қандай қиындық кездескенін айтты

© Photo : Нұржамал Өмірбекованың жеке архивіненИбрагим Әбдіраманов пен Нұржамал Өмірбекованың бес баласы бар, екеуі – студент
Ибрагим Әбдіраманов пен Нұржамал Өмірбекованың бес баласы бар, екеуі – студент - Sputnik Қазақстан
Жазылу
51 жастағы Ибрагим Әбдіраманов пен 46 жастағы Нұржамал Өмірбекова бес баласымен бірге Павлодар облысына 2019 жылдың қыркүйегінде көшіп келген

АЛМАТЫ, 27 қараша – Sputnik. Қазақстанда кейінгі үш жылда ерікті көші-қон бағдарламасы іске асып келеді. Демографиялық ахуал нашарлаған солтүстік өңірлерге оңтүстік тұрғындары қоныс аударып жатыр. Sputnik Қазақстан тілшісі бір жыл бұрын отбасымен бірге Арыс қаласынан Павлодар облысы Тереңкөл ауданына көшіп барған әйелмен әңгімелесті.

51 жастағы Ибрагим Әбдіраманов пен 46 жастағы Нұржамал Өмірбекова бес баласымен бірге Павлодар облысына 2019 жылдың қыркүйегінде көшіп келген. Кенжесі мектепте 2-сыныпта оқиды. Екі баласы – студент.

© Photo : Нұржамал Өмірбекованың жеке архивіненНұржамал Өмірбекова отбасымен бірге Павлодар облысына көшіп келген
Кинодағыдай болды: Солтүстікке көшкен әйел қандай қиындық кездескенін айтты - Sputnik Қазақстан
Нұржамал Өмірбекова отбасымен бірге Павлодар облысына көшіп келген

"Жарылыстан кейін Арыс қаласынан көшіп кеттік. Қорыққаннан көштік десе болады. Оған дейін ондай ой болған жоқ. Ал Шымкентке көшуге қаражат болмады. Содан кейін осындай бағдарлама бар екенін естідім. "Неге бұрын білмегенмін?" деп ойладым", - дейді Нұржамал Өмірбекова.

Айтуынша, Facebook желісінде солтүстікке көшуді жарнамалап жүрген кісімен танысып қалған. Толық ақпарат алып, қазір тұрып жатқан ауданның әкімімен сөйлескен.

"Арыста жарылыс болған соң солтүстікке көшу туралы үгіт-насихат жасағандар болды. Бастапқыда Петропавлға көшуді ойладым. Сол маңдағы кісілер "сен сияқты пысық қыздарды бірден әкім етіп сайлайды" деп айтты. Мен барамын деп дайындалып жүрдім. Жолдасым бастапқыда ыңғай бермеді", - дейді Нұржамал.

Нұржамал Өмірбекова мектепте 24 жыл бастауыш сыныптарға сабақ берген. Аудан әкімімен телефон арқылы сөйлескен кезде жұмыс тәжірибесіне қарап, оған жақсы жұмыс тауып беруге уәде етіпті.  Тіпті басшылық қызмет ұсынған.

"Басшылық қызмет атқармаймын деп бас тарттым. Ол кісі сонда да келуімді сұрады. Қыркүйек кезінде сабақ басталады. Баратын болсам, бірден көшіп баратынымды айттым. Ол кісі "маған сен" деген соң бір аптада жиналып, 9 қыркүйек күні көшіп кеттім", - деп еске алды ол.

Оқи отырыңыз: Солтүстікке қоныс аударатындарға берілетін жәрдемақы екі есе артады 

Павлодарға барған соң оған мектептің директоры қызметін ұсынған. Алайда ол жақтың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейтін болғандықтан, бас тартыпты.

"Бұл жақта қазақтың өзі қазақша дұрыс сөйлей алмайды. Ол қызметтен бас тартқан соң мені оқу ісінің меңгерушісі етіп қойды. Мұғалімге сағатына қарай көбірек ақша төленетін болған соң, ол қызметті біраз уақыт атқарып, кейіннен бас тарттым. Бұл жақта басшылық қызмет атқаратын адамның өзі аз", - дейді Өмірбекова.  

60 отбасыны көшірген

Волонтер болып жүрген Нұржамал Өмірбекова бір жыл ішінде оңтүстік аймақтан солтүстікке 50-60 отбасының көшуіне себепкер болғанын айтты. Тіпті өзі тұратын аудандағы мектепке қажет мұғалімдерді де жинаған.

"Бір мектепте 18 жыл бірге жұмыс істеген келіншек те отбасымен көшіп келді. Бұл жақта да көрші тұрамыз. Тереңкөл ауданында Арыс қаласынан келгендерге алты үй берді. Қазір көрші тұрамыз", - дейді Өмірбекова.

Арыс қаласында тұрғанда жолдасы Атырауға, Ресейге барып жұмыс істеген. Ал қазір көшіп барған ауылда мал шаруашылығымен айналысады. Айтуынша, ол жақта ауыл шаруашылығына байланысты жұмыс көп. Біреу сауыншы болып нәпақасын табады, енді бірі шаруашылыққа көмектеседі.

Арыстан көшіп келген алты отбасы да сол шаруашылықта жұмыс істейді.

© Photo : Нұржамал Өмірбекованың жеке архивіненАрыс қаласынан келгендерге алты үй берілген, Нұржамал Өмірбекованың отбасы осы үйде тұрады
Кинодағыдай болды: Солтүстікке көшкен әйел қандай қиындық кездескенін айтты - Sputnik Қазақстан
Арыс қаласынан келгендерге алты үй берілген, Нұржамал Өмірбекованың отбасы осы үйде тұрады

"Келген кезде бізде үй болған жоқ. Шаруашылықтың сатып алған өз үйі бар. Қызметкерлеріне уақытша тұруға береді. Сол жақта бір жыл тегін тұрдық. Жаңа үйлер ақпанда салына бастады. Алты отбасыға жаңа баспана жазда берілді", - дейді ол.

Облысқа көшіп барған кезде үйдегі әр адамға 93 мың теңге көлемінде ақша берілген. Бір жыл бойы кемінде 5 адам тұратын отбасыға 58 мың теңге беріледі.

Ал бірден жаңа үйге көшіп келгендерге 93 мың теңге берілмейді, себебі жаңа баспана беріп отыр.

Жалақысы үш есе өскен

"Оңтүстікте мектепте мұғалімдерге 18 сағаттан артық сабақ бермейді. Бұл жаққа келгенше 85 мың теңге айлыққа жұмыс істедім. Сол жылы тағы бір санат жоғарыладым. Мен бұл жақта 27 сағатпен жұмыс істеймін, айлығым – 300 мың теңге", - дейді ол.

Нұржамал өзі көшіп барған аймақта қымбатшылық жоқ екенін айтты. Картоптың бағасы – 90 теңге, пияз бен сәбіз де,  салыстырмалы түрде ұнның да бағасы арзан.  

"Басында жергілікті тұрғындарға үйрену қиындау болды. Барлығы орысша сөйлейді. Оңтүстікке қарағанда біраз артта қалып қойған, дамымаған. Бизнес те дамымаған, халықтың саны аз. Көктемге дейін қиналдым. Бұл жақта сөйлесетін адам да жоқ еді. Оңтүстік өңірдегідей қонақжай болып, бірден кірісіп кету деген болмады", - дейді Өмірбекова.

Айтуынша, қатты қиналған сәттерде оңтүстікке қайтуды да ойлаған.

"Бұл жақта дүкеннің өзі сағатпен жұмыс істейді. Түсте жабық тұрады. Кеңес одағы туралы кинодан көретін едік, бұл да сол кинодағыдай болды. Үйлердің өзі шағын екен. Бастапқыда мұндай үйде тұра алмаймын деп бүкіл ауданды аралап үй таңдадық", - дейді әйел.

Әйелге сеніп көшіп келген отбасылар да жұмысқа орналасқан. Олардың бұған дейін еш жерде тұрақты жұмысы болмаған екен.

Жаңалықтар
0