Қоғам

Солтүстікке қоныс аударатындарға берілетін жәрдемақы екі есе артады

© Sputnik / Абзал КалиевПортмоне, деньги, тенге, купюры
Портмоне, деньги, тенге, купюры - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Қазіргі уақытта қоныс аударушыларға 35 айлық есептік көрсеткіш, яғни 97 230 теңге мөлшерінде жәрдемақы беріледі

АЛМАТЫ, 22 қазан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатында берілетін жәрдемақыны екі есеге арттыруды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Ел ішіндегі миграциялық үдерістерді реттеу ісінің тиімділігін арттыра түсу қажет. Бұл ең алдымен азаматтарымызды еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіруге қатысты. Осы мәселе Ұлттық кеңесте бірнеше рет көтерілді. Оны кешенді түрде шешу үшін, біріншіден, электронды еңбек биржасының базасында бірыңғай ақпараттық enbek.kz ресурсын құру керек", - деді президент.

Сол арқылы көшіп барушылар мемлекеттің көрсететін қолдауы жөніндегі барлық ақпаратты тікелей әрі жедел алуы қажет.

"Екіншіден, қазіргі көшуге қатысты мәселелерді оңайлатқан жөн. Мемлекет мигранттарға барынша қолайлы жағдай жасауға тиіс. Жақында жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болдым. Бұл өңір демографиялық өсімі ең баяу аймақтың бірі болғанымен, қоныс аударушыларды тарту жағынан жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Аймақта көшіп келушілерге арналған жаңа тұрғын үйлер салынуда", - деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында инфрақұрылымның дамып, түрлі әлеуметтік нысанның салынып жатқанын айтып өтті.

"Мигранттарды ынталандыратын қосымша шара ретінде оларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есеге, яғни 35 айлық есептік көрсеткіштен (97 230 теңге) 70-ке дейін (194 460 теңге) көбейткен жөн деп санаймын", - деді Тоқаев.

Қорытындылай келе, үкіметке бір айдың ішінде осы мәселені зерттеп, тиісті шешім қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар мемлекет басшысы шетелде туып-өскен қандастарға бастапқыда үкіметтің барынша көмек көрсетуі қажет екенін айтты. Азаматтық алған қандастар солтүстік өңірге көшкен жағдайда үй алу мәртебесі жойылмауын қадағалауды тапсырды.

"Атажұртқа оралған қандастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де толық шешімін тапқан жоқ. Оларда тек бір жылға берілетін қандас мәртебесінің мерзімі біткенше ғана үй алу мүмкіндігі бар. Ал азаматтыққа ие болған соң, бұл мәртебесі жойылып, үй алу құқығынан да бірден айырылады. Осыған орай азаматтық алған қандастарымыз солтүстік өңірге көшсе, үкімет олардың үй кезегінің сақталуын қамтамасыз етуі керек", - деді мемлекет басшысы.

Айтуынша, бұл қандастардың осындай жұмыс күші тапшы аймақтарға көшіп баруына қосымша серпін береді.

Жаңалықтар
0