22:56 27 Қараша 2020
Тікелей эфир
  • USD422.40
  • EUR502.78
  • RUB5.59
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
942 0 0

Заң бойынша қарызға қатысты талап қою мерзімі – үш жыл. Демек, осы уақыттың ішінде сотқа жүгіну керек

НҰР-СҰЛТАН, 15 қараша – Sputnik. Қарызға алған ақшасын қайтармай жүретін адамдар жақын достардың ішінен, тіпті, туысқандардың арасында да кездесіп жатады. Біреулер оған қатты ренжісе, енді біреулер "садақа" деп, қолын бір сілтейтін сәттер де жоқ емес. Психолог мамандар қарыз қайтармайтындарды анықтауға болады дейді. Ал заңгерлер қолхатсыз берілген ақшаны қайтарудың жолдарын біледі.

Біржақты көзқараспен қарамаңыз

Психолог Серікгүл Сәлінің айтуынша, қарызды қайтармайтын адамды өз ортасында жақсы біледі. Мысалы, туған-туыстың ішінде біледі, бірақ сыртқа көп айта бермейді. Ал жаңадан танысқан адамның бойынан ондай кемшілікті бірден анықтау қиын. Оны кәсіби психолог мамандар ғана байқай алады.  

"Негізі, нақты бір көрсеткіштері жоқ. Бірақ психолог мамандар анықтай алады. Себебі олардың кәсіби білімі бар, арнайы әдіс-тәсілдерді де меңгерген", – дейді Сәлі.

Маманның сөзіне қарағанда, ақшаны қарызға беретін адам да аңқау болмауы қажет. Мысалы, біреулер қарыз сұраған адамды дұрыс танымаса да, ертең ол кісінің пайдасы тие ме, жоқ па, осы жағын ойлайды. Енді біреулер адамның адалдығына сеніп, қарызға берген ақшасы міндетті түрде қайтарылады деген біржақты көзқараспен жүреді. Бірақ барлығы бірдей емес.  

"Сондықтан күдік болса, ақшаны қарызға бермегеніңіз жөн. Ал беріп қойсаңыз, қайтпаған жағдайда не істейтініңізді іштей талқылап алуыңыз қажет. Жарайды, бермей қойса, басқа біреуден қайтар деп, өзіңізді алдын ала дайындап қойсаңыз, артынан психологиялық тұрғыда жеңіл болады", – деп атап өтті Сәлі.

Ақшаны сотсыз қайтаруға бола ма?

Негізі, борышкер нағыз алаяқ болмаса, ақшаны уақытында қайтармағаны үшін қысылады. Бәлкім, шынымен де, ол қаржылай тығырыққа тіреліп, қарызын бере алмай жүр. Ондайда ақшаны қайтару мәселесін үнемі еске салып отырған дұрыс.

"Жанжал шығып жүрмесін. Ақырын ғана анда-санда есіне салып тұрыңыз. Телефон шаласыз ба, хабарлама жазасыз ба, оны өзіңіз білесіз. Бірақ ұрсысып қалмаңыз. Ең бастысы, қарызды кешіре алмайтыныңызды көрсетіп тұрыңыз. Борышкер шынымен де қаржылай проблемаға тап болса, оған қарызды бөліп төлеуді ұсынуға болады", – дейді кәсіпкер Нұрлан Жақиянов.

Оқи отырыңыз: Алматылық келіншек банкке 45 миллиард теңге қарыз екенін білді

Оның айтуынша, ырымшыл адамдарға осы мазмұндағы хабарламалар да әсер етеді. Мәселен, "Жаңа жылды қарызсыз қарсы алған дұрыс" деген сөзге сенетіндер бар.

"Ал қарыз алған адам телефонды көтермесе, басқа біреудің нөмірінен қоңырау шалуға болады. Оны да алмаса, ортақ таныстарды іздеп көріңіз. Бәлкім, оны танитын достарыңыз, я болмаса, әріптестеріңіз бар шығар. Солар арқылы шықсаңыз, ол адам қаша алмайтынын түсінеді. Бұдан бөлек, сотпен қорқытуға болады. Қарызбен бірге сотқа кететін барлық шығынды төлейтінін де ескертсеңіз, ол адам ойлана бастайды", – деді бизнесмен.

Сотта қолхат қажет пе?

Қарыз берген адамның қолында қолхат немесе қарыз шарты болса, сотта ақшаны алған адамның кінәсін дәлелдеу қиын емес. Алайда қолхатсыз да қарызды өндіріп алуға болады. Ол үшін аудио және жазбаша айғақтарды көрсету керек. Мәселен, қарыз туралы әңгімені жазып алуға болады. Қажет кезде сол аудионы сотқа тыңдатады. Қарыз алған адам онымен келіспесе, арнайы сараптаманы тағайындауға мүмкіндік бар. Ал аудиожазба болмаған жағдайда мессенджерлер арқылы жазысқан хабарламаларды көрсетуге болады.

"Жолданған SMS-те қарыздың сомасы көрсетілсе, тіптен жақсы. Бірақ хат жазысқанда абайлау керек. Қарыз алған адамды корқытып, ақшаны қайтармасаң, үйтемін-бүйтемін деп, артық кетіп қалмаңыз. Өйткені ол хабарламаны сізге қарсы қолдануы мүмкін. Ондай сөздер күш көрсетіп, ақшаны бопсалаған болып саналады. Сондықтан ресми түрде хат жазысқаныңыз жөн", – дейді заңгерлер.

Заң бойынша қарызға қатысты талап қою мерзімі – үш жыл. Демек, осы уақыттың ішінде сотқа жүгіну керек. Талап қою мерзімін қалпына келтіруге де болады. Алайда ол үшін дәлелді себептер болуы шарт.

"Соттың үкімі шықса да, қарыз алған адам жағдайым болмай тұр, ақшам жоқ деп тағы ақталуы мүмкін. Ондайда сот орындаушысының көмегіне жүгінуге болады. Ол қарызды жалақыдан және басқа да кіріс көздерінен өндіре алады. Шетелге шығуға шектеу қою құзіреті де бар", – деп атап көрсетті мамандар.

Тақырып бойынша

Бір адам 65 миллион қарыз: Салық төлемей жүргендердің аты-жөні жарияланды
Нұр-Сұлтан тұрғындары жарты миллион теңгеден қарыз екенін білді
Борышкерлік қарыз үшін Нұр-Сұлтан тұрғынының сатып алған қымбат көлігі тәркіленді
Қазақстандықтар коммуналдық қызмет үшін 17 млрд теңге қарыз болып қалды
Баласына қарыз болған Екібастұз тұрғыны төрт бөлмелі пәтерінен айырылды
Кілт сөздер:
психолог, қарыз
Загрузка...

Басты тақырып