Қоғам

Депутаттар вирус жұқтырған дәрігерлерге өтемақы төлеуді жалғастыруды талап етті

© AFP 2024 / PIERRE-PHILIPPE MARCOUВрачи в больнице с коронавирусом отдыхают после смены
Врачи в больнице с коронавирусом отдыхают после смены  - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Депутаттың пікірінше, егер үкімет мәселені тиімді шешпесе, азаматтардың өміріне араша түсетін дәрігерлер қалмай қалуы мүмкін

НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Мәжілістегі "Ақ жол" фракциясының депутаттары коронавирус жұқтырған медицина қызметкерлеріне төлем төлеуді жалғастыруды сұрады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

20 қазанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия COVID-19 бен ковидтік пневмонияға шалдыққан және одан қайтыс болған медицина қызметкерлеріне өтемақы төлеуді тоқтатқан еді. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратынша, жұмыста ауру жұқтыру жағдайлары тіркелсе, қолдау шаралары кәсіподақтар мен жергілікті атқарушы органдар есебінен жасалады.

Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар пойыздың кешіккені үшін өтемақы ала алады

"Ақ жол" фракциясының депутаттары министрліктің пандемияның екінші толқыны кезінде ақхалаттыларды қолдаусыз қалдырғанына қынжылды.

"Еуропаның жекелеген елдерінде күніне 40 мың адам індетке шалдығуда. Көрші Ресейде күн сайын 17-18 мың адам вирус жұқтырады, 300-ге жуығы қайтыс болады. Қазақстанда жағдай жақсы, әрине, бірақ ауру жұқтырғандардың көбейіп жатқаны да байқалады. Осы жағдайда алғы шепте жүрген дәрігерлерге мемлекет тарапынан қамқорлық көрсету маңызды емес пе", – дейді Перуашев.

Бұған дейін вирус жұқтырған дәрігерлерге 2 миллион теңге, ал індеттен қайтыс болғандардың отбасына 10 миллион теңге өтемақы төленіп келді.

Депутаттың айтуынша, кәсіподақтар мен жергілікті бюджеттердің мұндай төлем төлеуге мүмкіндігі жоқ.

"Аталған жағдайда кәсіподақтар емделу үшін 3 айлық еңбекақыдан артық ақша төлей алмайды. Оның үстіне вирус тек бір адамға ғана жұқпайды, бүкіл отбасыға тарайды. Мұндай кезде ол ақша тіпті дәрі-дәрмек пен тамаққа да жетпеуі мүмкін. Ал жергілікті бюджетте мұндай шығын атымен жоқ, яғни төлем қарастырылмаған", – деді мәжілісмен.

Осыған байланысты депутаттар үкіметтен осы мәселені қайта қарап, өтемақы төлеуді жалғастыруды сұрайды. Әйтпесе, олардың пікірінше, қиын-қыстау сәтте азаматтардың өміріне араша түсетін дәрігерлер қалмай қалуы мүмкін.

Жаңалықтар
0