НҰР-СҰЛТАН, 6 қазан - Sputnik. "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы жолаушылар пойыздарының қозғалыс кестесі неге бұзылғанын түсіндірді.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы жылдың сәуір айынан бастап жолаушылар мен жүк пойыздарының жылдамдығын арттыру және жолды қауіпсіз ету мақсатында теміржолдарды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Жұмыс штаттық режимде жүргізілуде. Компания жолаушылардан келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұрайды және жұмысты тезірек аяқтау үшін қажетті шаралардың қабылданатынын хабарлайды", - деді ҚТЖ-дан.
Жолаушыларға қандай өтемақы төленеді?
Қазақстанның "Теміржол көлігі туралы" заңының 80-бабы 3-тармағына сәйкес, жолаушылар пойызының кешігуіне байланысты өтемақы беру көзделген. Тасымалдаушы мекеме жолаушылар пойызының кідіруіне және кешігуіне байланысты жолаушыға әр кешіккен сағат үшін билет құнының 3% мөлшерінде өтемақы төлейді. Егер жолаушыға кешігу форс-мажорлық жағдаймен байланысты болғанын дәлелдей алмаса, оның қосымша шығынын өтейді.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда жолаушылар пойыздары жаңа кестемен жүреді
Алынған айыппұл мөлшері билет құнынан аспауы керек. Пойыздың өз уақытынан кешіктірілгені үшін жолаушыларға айыппұл төлеу тасымалдау ережелеріне сәйкес, жолаушының өтінішімен жүзеге асырылады.
Өтемақы алу үшін жолаушы соңғы пунктте вокзал кезекшісіне баруы керек, кезекші билетке пойыздың қанша сағатқа кешіккенін белгілеуі тиіс. Жолаушы осы билетті және жеке басын куәландыратын құжатын алып, заңмен көзделген өтемақыны алу үшін ҚТЖ-ның кез келген кассасына бара алады.