НҰР-СҰЛТАН, 24 қазан – Sputnik. Қазақстанның төтенше жағдайлар министрлігі күз мезгілінің келуіне байланысты жол апаты жиілейтінін ескертіп, автокөлік иелеріне жазғы шиналарын қысқыға ауыстыруға кеңес берді.
"Қазгидромет" РМК мәліметі бойынша қараша айында қар жауып, боран, екпінді жел соғады, сондай-ақ еліміздің орталық, солтүстік және шығыс өңірлерінде көктайғақ болып, тұман түседі деп болжануда. Сондықтан республика жолдарында көлік қозғалысына ерекше назар аудару қажет.
"Жазғы шинаны қысқыға ауыстыру жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ауа температурасының төмендеуінен, сондай-ақ жауын-шашын кезінде жолда көктайғақ болуы мүмкін. Соның салдарынан жазғы доңғалақтардың тежелу қабілеті нашарлайды", - деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Мамандар көлік доңғалағын қысқы шинаға ауыстырмаған жүргізушілер рөлге ие бола алмай, жолда күтпеген оқыс оқиғаларға тап болуы мүмкін дейді. Олар өздерінің ғана емес, жолаушылардың да өміріне қауіп төндіреді.
Оқи отырыңыз: Биылғы қыс қандай болады – синоптиктер болжам жасады
Осыған байланысты министрлік күзде және қыста төтенше жағдайларды болдырмау үшін ауа райы туралы арнайы хабарламаларды үнемі қарап отыруды ұсынады. Дабылды ескертулер кезінде ұзақ сапарға шықпаған жөн.