АСТАНА, 30 қараша – Sputnik. Ақназар Қажымұраттың есімі әлемнің жас дарындары арасында аса танымал. Түрлі халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпазы Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алады. Жуырда 12-сынып оқушысы ACT және SAT Subject Tests халықаралық емтихандарынан сүрінбей өтіп, ең жоғары ұпай жинады. Енді қазақ баласына Американың кез келген үздік жоғары оқу орнының есігі ашық. Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында алматылық вундеркинд есеп-қисапқа қызығушылығы мен ең үлкен арманы жайлы айтты.
ACT (American College Testing) – АҚШ-тың жоғары оқу орындарына түсуге арналған емтихан. Ең жоғары ұпайы – 36 балл. Американың беделді оқу орындарына түскісі келетіндер сынақтан 30-36 балл жинауы керек. Алайда Құрама Штаттарда аталған емтиханды тапсыратындардың тек 0,1%-і ғана ең жоғары ұпайға қол жеткізеді екен.
SAT Subject Test – Американың үздік университеттеріне жол ашатын бейіндік пәндер емтиханы. Ақназар математика, физика және биологиядан тест тапсырып, әр пәннен ең жоғары 800 балды жинады.
Ақназар шетелдің ең беделді оқу орындарына түсу үшін үш халықаралық емтиханға мақсатты түрде дайындалған. Алғашқысы – АСТ, оны сәуір айында тапсырса, қыркүйекте ағылшын тілі деңгейін анықтайтын TOEFL тестін, ал қараша айында SAT Subject Test емтиханын тапсырған.
"Емтиханға дайындық қиын болды деп айта алмаймын. Себебі математика мен физика пәндерін 7-8 сыныптан бері терең меңгеріп келемін. Олар маған оңайға соқты. Тек биология бойынша бір айдай дайындалуға тура келді", — дейді 12-сынып оқушысы.
Оның айтуынша, Назарбаев зияткерлік мектептерінде он бірінші сыныптан бастап әр оқушы өз қалаған пәндерін таңдайды. Есеп-қисапқа жақын Ақназардың таңдауы физика, математика және информатикаға түскен.
"Басқаларға қарағанда бұл үш пән маған көбірек ұнайды. Себебі есте сақтайтын дүниелері аз, барлығы формулалар мен заңдарға сүйенген. Ал мен жалқаумын, есте сақтап жаттағанды ұнатпаймын", — деп ағынан жарылды Алматы тұрғыны.
"Бәріне уақыт жетеді"
Ақназар үшін, ең алдымен, Олимпиаданың қандай ауқымда өтетінін анықтап алу маңызды.
Адам әр күнін тиімді әрі дұрыс жоспарласа, сабаққа да, демалысқа да уақыт табылады дейді.
"Мәселен, мен таңертең жетіде ұйқыдан оянамын. Таңғы асымды ішіп, мектепке барамын. Сабағымыз, әдетте, түскі екі-үшке дейін созылады. Үйге келген соң, физика мен математика пәндеріне екі-үш сағат дайындаламын. Аптасына үш рет күреске барып тұрамын. Басқа күндері жүгіремін. Қысқасы, бәріне уақыт жетеді", — дейді Ақназар.
Алматылық оқушы күрестен бөлек, "ақылдылар ойыны" саналатын шахматқа да қызығады. Ара-тұра ойнап та тұрады екен.
"Қазақстан шахматтан соңғы орын алатын елдер қатарында емес. Ел ішінде бәсеке мықты. Қолым қалт еткенде Мұртас Қажғалиев, Жансая Әбдімәліктің ойынын қараймын. Олар мықты шахматшылар, маған ұнайды", — дейді ол.
Ақназар кімді үлгі тұтады?
Қазақстандық вундеркинд белгілі француз математигі Александр Гротендикті үлгі тұтады екен. Ақназар үшін ұлы математиктің өмір жолы, оның математика туралы том-том еңбектері қызық.
"Ол математикада, шынымен, өте көп дүние ашқан, әжептәуір табысқа жеткен адам. Математика тарихында үздік бестікке кіреді десем артық айтқандық болмас. Оның "Урожаи и посевы" деген автобиографиясы бар, мен соның орысша аудармасын оқып шықтым. Маған оның ойлау жүйесінің қандай болғаны, өзінің атымен аталатын теоремаларды қалай тапқаны өте қызық", — дейді 12-сынып оқушысы.
"Мықты математик болу үшін шыдамдылық керек"
"Кейбір адамдар математик болу үшін есеп-қисапты 30 секунд ішінде шешіп тастайтындай тым ақылды болу қажет деп санайды. Бұл жаңсақ пікір. Математиктер үшін жылдамдық аса қатты маңызды емес. Ең бастысы, шыдамды болу. Себебі, кей кезде теоремаларды дәлелдеуге бір күн емес, бір ай, тіпті бір жыл уақыт кетуі мүмкін. Бірақ, қаншалықты қиын болатынын біле тұра, көздеген мақсатыңа жетуге ұмтылу керек", — дейді Ақназар.
Оның пікірінше, мықты математикке қажет тағы бір қасиет – ізденімпаздық, қызығушылық.
"Кейбір математиктер тар аядан шыға алмай қалады, көп жағдайда уақытын ешкімге қызықсыз, пайдасыз теоремаларды дәлелдеуге сарп етеді. Сондықтан олардың ғылыми қызығушылық ауқымы кең болғаны жөн", — деп санайды оқушы.
17 жастағы оқушының ең үлкен арманы қандай?
"Менің ең үлкен арманым – Қазақстанда ғылымның қатты дамығанын көру. Бізде де Америкадағыдай Нобель лауреаттары көп болады деген үміттемін. Әрине, бұл өте биік меже. Бірақ, мен Қазақстанда ғылымның дамыған шағын көремін деп үміттенемін", — дейді Ақназар.
Ғылымның дамуына өзі де үлес қосуға дайын.
"Мен супермен емеспін, бірақ мүмкіндігінше қолымнан келгенін аянып қалмаймын. Бәлкім, болашақта шәкірт тәрбиелеп, шетелден білікті кадрлар тартармын. Осындай жоспарларым бар", — дейді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы.
Полиглот Ақназар
Тынымсыз ізденіс пен талмас талап иесі төрт тілді жетік меңгерген. Сабақтан тыс испан тілін үйренгені де бар.
"Отбасында орыс тілінде тәрбиеленгендіктен, емін-еркін сөйлеймін. Мектепте өзім қазақ тілін, ағылшын тілін оқыдым. 3-4 сыныптарда испан тілін үйренгенім бар, бірақ қазір аздап ұмыттым. Бір жыл қазақ-түрік лицейінде оқыдым, сол уақытта түрік тілін меңгердім", — дейді Ақназар.
Ақназар ағылшын тілін Алматыдағы Оқушылар сарайына үйірмеге барып, үш-төрт жылдың ішінде жақсы меңгеріп шыққан.
"Кейбір курстарда ағылшынды бір-екі ай ішінде үйретеміз деп сендіреді. Мұның қаншалықты мүмкін екенін білмеймін, ешқашан барып көрмеппін. Сол себепті ағылшынды үйренудің ең жылдам әдісі қандай екенін айта алмаймын. Бірақ тіл үйрену үшін фильм көру ең тиімсіз әдіс деп санаймын. Өйткені онда диалог аз", — дейді ол.
"Жасанды интеллектің көмегімен біраз өндірісті оңтайландыруға болады"
Қазақ баласы әзірге қолданбалы ғылымға ден қоймаған, алайда жасанды интеллекте қызығушылығы бар екен.
"Менің ойымша, Қазақстанда жасанды интеллектің көмегімен кейбір өндіріс түрлерін оңтайландыруға болады. Мәселен, шаңсорғыш. Білуімше, қазір қазақстандықтардың көбі үйін шаңсорғышпен өздері тазартады. Ал егер жасанды интеллект арқылы "ақылды" құрылғыға айналдырса, ол шаңды өзі сорып алатын еді. Немесе шаңсорғышпен үй жинайтын роботтар құрастыруға болады. Үй шаруасындағы әйелдерге әжептәуір көмегі тиер еді", — дейді 17 жастағы оқушы.