14:52 07 Наурыз 2021
Тікелей эфир
  • USD419.66
  • EUR500.44
  • RUB5.62
Қоғам
Қысқа сілтеме алу
479738

Мұғалімдер бірыңғай тестілеуден өтіп, 100 сұраққа жауап береді

АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мұғалімдердің жалақысын өсіру қалай жүзеге асырылатынын айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Шавхат Өтемісов министрден мұғалімдердің жалақысы қалай және қашан өсетінін сұрады. 

"Мемлекет басшысы биылғы жылғы жолдауында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшетін мұғалімдердің лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейтуді тапсырды. Сонымен бірге, келесі тапсырмасы 2018 жылы мұғалімдер үшін біліктілік деңгейін ескеретін категориялардың жаңа кестесін енгізу еді. Енді мұғалімдердің жалақысы біліктілік тестерін тапсыруына байланысты 30-дан 50 пайызға дейін өсетін болады. Сайлаушылармен кездескен кезде осы мәселе педагогикалық қоғамдастықтың ерекше қызығушылығын туғызды. Осыған байланысты кейбір анықтағым келген мәселелер бар. Біріншіден, мұғалімдердің қандай санатына үстемеақы көзделеді және ол неге байланысты болады? Мысалы, жұмыс өтіліне ме, оның кәсіби жетістіктеріне ме, қалалық не ауылдық мектеп дегенге байланысты бола ма? Мұғалімге еңбекақысын өсіру үшін не істеу керек? Өйткені олардың барлығы жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс істемейді ғой. Және үстемеақы нақты қандай кезеңнен бастап жүзеге асырылатынын түсіндіріп берсеңіз", — деді депутат. 

Сұрақтың маңыздылығын атап өткен Ерлан Сағадиев Елбасына тағы бір рет рахметін айтты. 

"Біз жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдерді бірыңғай тестілеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Тек қана бірыңғай тестілеу жүйесін енгіземіз, ал бұрынғы жүйе сол күйінде қалады. Бірыңғай тестілеу неге керек? Қазір бәрімізге керегі – мұғалім өзінің сабағын біле ме, білмей ме? Соны білу үшін, мұғалімдер дайындалу үшін бірыңғай тестілеу режимін енгізіп отырмыз", — деді Сағадиев. 

Емтиханда мұғалімдер 100 сұраққа жауап береді, оның 70 сұрағы пән бойынша болады.

"Ал 30 сұрақ білім беру әдістемелері және заңдар сияқты сұрақтарға арналған. Қазіргі уақытта сұрақтар дайын, бірнеше қабылдайтын құжаттар бар. Оның бәрін екі-үш айдың ішінде дайындасақ, жаңа оқу жылынан мұғалімдерді тестілеуден өткізіп, әрі қарай деңгейін көтеруге механизм енгіземіз. Бұл көп мемлекетте бар жүйе ", — деді министр. 

"Мұғалімдердің бәрі тестілеуден өтуі керек пе?", — деп сұрады мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева. 

"Бірыңғай тестілеуден біліктілік деңгейін көтеруге мүдделі мұғалімдердің бәрі өтуі қажет. Бірақ, мысалы, мұғалімдер екі-үш жыл бұрын біліктілік деңгейін көтерсе, әрі қарай жұмыс істеуге болады. Келесі кезеңде ғана тестілеуден өтетін болады", — деп жауап берді министр.

Одан кейін вице-спикер жалақысын көбейту үшін мұғалімдердің 100 сұрақтың нешеуіне жауап беруі керек екенін сұрады. 

"Бәрі деңгейге бөлінген. Ең жоғары деңгейіне сұрақтың тоқсан пайызына, педагог-зерттеуші сексен пайызына, педагог-сарапшы жетпіс пайызына, педагог-модератор алпыс пайызына жауап беруі керек", — деді Сағадиев. 

"Сонда сіздердің ойыңызша, мұғалімнің бар кәсіби деңгейін осы 100 сұрақ анықтап береді деп отырсыздар ғой…", — деді депутат.  

"Жоқ, олай емес. Екі кезең болады. Бірінші, ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Екінші, комиссия шешетін болады. Яғни, қазіргі жүйе қалады. Біз тек қана бірыңғай тестілеу нәтижесін комиссияға беріп отырамыз. Жұмыс тобына бірнеше депутат қатысқан болатын. Біз бірнеше ай мұғалімдермен де, мектеп директорларымен де талқыладық. Қазіргі уақытта мұғалімдер оны түсініп, дайындалып отыр", — деп түйді сөзін министр.

Кілт сөздер:
мұғалім, жалақы, Ерлан Сағадиев
Загрузка...

Басты тақырып