АСТАНА, 17 қазан – Sputnik. ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадаиев ұстаздар мен тәрбиешілердің баласын балабақшаға жеңілдікпен қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында министр Ерлан Сағадаиев мұғалімдерге жеңілдіктер қарастырылмағанын айтты.
"Біз мұғалімдер мен тәрбиешілердің баласын балабақшаға қабылдаған кезде жеңілдіктер енгізуді ұсынып жатырмыз. Әскерилерге осындай жеңілдіктер қарастырылған. Балабақшалардың саны өсіп келеді, орын жеткілікті. Сондықтан біз жоғарыда аталған норманы енгізу бастамасын көтереміз", — деді министр.
Сонымен қатар Ерлан Сағадиев мұғалімдердің әлі күнге дейін қағазбастылықтан құтыла алмай отырғанын атап өтті.
"Мұғалімдерді түрлі қағаз бойынша есеп беру жүктемесі әлі күнге дейін сақталып отыр. Біз өзімізге қатысты дүниелерді сандық жүйеге енгіздік. Бірақ әкімдіктерде 15-тен 20-ға дейін түрлі комиссия бар. Мысалы, сыбайлас жемқорлық, кәмелетке толмаған жастар, әйелдер, жастар ісі, тәртіп бұзу бойынша және т.б. комиссиялар бар. Осылардың барлығы мектептерден жазбаша түрде есеп сұрайды. Сондықтан ұстаздар әлі күнге дейін есептерді жазбаша толтыруда", — деді ол.
Айтуынша, қазір таңда бүкіл қажетті ақпарат министрліктің ұлттық білім беру деректер базасында бар. Оның пікірінше, осы деректер базасы ұстаздарды қосымша жұмыстан босатуға септігін тигізеді.
"Бақытжан Әбдірұлы (Сағынтаев, үкімет басшысы — ред.) әкімдерге мектептерден ақпарат сұрауды толығымен тоқтатуға тапсырма беруіңізді сұраймын. Тиісті ақпарат ұлттық білім беру деректер базасында тұр. Біз барлығын немесе тиісті ақпараттың жартысын бере аламыз. Егер қажет болса, біз деректер базасын кеңейтеміз", — деді Сағадиев.