АСТАНА, 7 қар — Sputnik, Айсұлу Жұмағұлова. Сот дүйсенбі күні Қазақстанда мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруға әрекеттенуде кінәлі деп танылған шымкенттік сыра зауытының иесі Тоқтар Төлешовтің ісіне нүкте қойды.
Сот отырысы Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотта өтті. Деректерде мемлекеттік құпияға қатысты мәліметтер бар болғандықтан, іс жабық режимде қаралды. Алайда үкімді жариялауға журналистер шақырылды. Сотталушылар қатарында кәсіпкерден бөлек тағы 24 адам болды. Олардың арасында – кәсіпкердің ұлы Төлеген Төлешов, Қазақстан бас прокурорының бұрынғы бірінші орынбасары, Конституциялық кеңестің бұрынғы мүшесі Ілияс Бақтыбаев, Оңтүстік Қазақстан облысы ІІД-нің бұрынғы бастығы Хибратулла Досқалеев, полиция полковнигі Сәкен Айтбеков және полковник Бекзат Жумин бар.
Қылмыс…
Тоқтар Төлешов осы жылдың басында күш құрылымдарының арнайы операциясын жүргізуі барысында Шымкентте ұсталған. Маусым айында ұлттық қауіпсіздік комитеті ресми мәлімдеме жасай отырып, Тоқтар Төлешовке қаражаты мен лауазымын пайдалана отырып, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген айып тақты. ҰҚК ақпаратына сәйкес, Тоқтар Төлешов елде "тұрақсыздық" тудырып, "дүрбелең ошағы" мен "наразылықтар және тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды", "әрекет етуші билік құрылымын өзгертуді" жоспарлаған. Осының аясында ол "балама үкіметін" құрып, әрекет етуші биліктің құрылымын өзгертпек болған, деп хабарлады комитетте.
Сәуір айының соңында Қазақстанның бірқатар өңірінде жұртшылық шетелдіктерге ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұлғайтатын Жер кодексіне түзетулер енгізуге қарсылық білдіріп, шеруге шыққан. Ұлттық қауіпсіздік комитетінде атап өткендей, Төлешов осы өзгерістерге қарсылық білдірген кейбір қарсылық шараларының бастамасын көтеріп, қаржыландырған. Қарсылық шаралары ертерек өтуге тиіс болатын, алайда Төлешовтің ұсталуына байланысты акцияларды ұйымдастырушылар мерзімдерді өз бетінше өзгерткен. Арнайы қызметтің болжамынша, Төлешов, тергеу изоляторында отырп, елде қалыптасқан жағдайды пайдалана отырып, 2016 жылғы мамырда Оңтүстік Қазақстан облысының Сарыағаш қаласында жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруға тырысқан.
ҰҚК деректеріне сәйкес, Төлешов трансұлттық қылмыстық топты қаржыландырған және қаруланған топ құрып басқарған, оның басшылығындағы қылмыстық топ адам өлтіру, қастандық жасау, адам ұрлау, заңсыз бостандықтан айыру, қарақшылық қылмыстарын жасаған, билікті күшпен басып алуды насихаттаған, бандитизммен айналысқан, пара берген, есірткі сақтаған деп айыпталған.
Ведомствода атап көрсеткендей, Төлешов қылмыстық топтың қажеттілігіне қыруар қаражат жұмсаған. Айналасына айтқанын жүргiзiп өмiр сүрудi армандаған Төлешов белшесiнен қарызға батқан. Ол банктер мен трансұлттық қылмыстық топтарға қарыз болған. Қарыздарының жиынтық көлемі 200 миллион АҚШ долларынан асып кеткен. Тап осы кезде Төлешовтың көкейінде елдегі билікті күштеп басып алу идеясы пайда болған. Төлешов қаржылық қиындықтардан мемлекеттiң қазынасы есебiнен құтылуды жоспарлапты.
Ойын жүзеге асыру үшін Төлешов өз имиджі мен шет елге танымалдығын арттыра бастады. ҰҚК-нің құжаттық дәлелдеріне сәйкес, 2012 жылдан бастап ол әртүрлі жолдармен қоғамдық ұйымдарға (Халықаралық журналистер одағы, Казак қоғамдық бірлестіктерінің одағы) мүше болуға ұмтылған.
… және жаза
Сот Төлешовті азаптау, кісі өлтіру, адам ұрлау, бас бостандығынан заңсыз айыруды ұйымдастыруда, трансұлттық қылмыстық топты құрып, басқаруда, қылмыстық топ құрып, жетекшілік етуде, сонымен қатар экстремистік топқа жетекшілік ету немесе оның қызметіне қатысуда кінәлі деп тапты. Төлешов кінәлі деп танылған қылмыстар арасында — қылмыстық топты қаржыландыру, билікті күштеп басып алу, есірткі заттарының заңсыз айналымы, қарулардың, оқ-дәрілердің, жарылғыш заттардың және жарылғыш құрылғылардың заңсыз айналымы бар.
Кәсіпкердің ұлы Төлеген Төлешов сот төрелiгiн жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау, сонымен қатар өткізу мақсатынсыз есірткі заттарының заңсыз айналымы баптары бойынша кінәлі деп танылды. Ол бес жыл шартты мерзімге сотталды.
Іс бойынша өткен полковник Бекзат Жұмин пара алуда кінәлі деп танылып, жазасын жалпы тәртіптегі колонияда өтеумен төрт жылға бас босандығынан айыруға сотталды.
Конституциялық кеңесің бұрынғы мүшесі Ілияс Бақтыбаев жеті жыл мерзімге сотталып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу үкімі кесілді.
Тағы бір сыбайласы — Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің бұрынғы басшысы Хибратула Досқалиев — бес жылға бас бостандығынан айыруға сотталды. Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады. Оның дүние-мүлкі тәркіленбек.
Темір және асыл тұқымды тұлпарларды тәркілеу
Сот сондай-ақ, мемлекет пайдасына Тоқтар Төлешовтің мүлкін тәркілеуге қаулы етті. Оған бір түйе, екі аруана мен 30 бас жылқы (олардың 11-і асыл тұқымды) кірді.
Кәсіпкерге бас бостандығынан ғана емес, сонымен қатар жел телімдерімен, автокөліктерінің паркімен қоштасуға тура келеді. Олардың ішінде Mitsubishi, Toyota Land Cruiser, Bentley, Chevrolet, BMW, Mercedes, Porsche Cayenne, Toyota Camry, Volkswagen Passat, Infiniti, Rolls-Royce және Lexus маркалы бірнеше ондаған автолөлік бар.
Сот қазақстандық БАҚ-тардың ақпаратына сәйкес, Төлешовтің әйелдері болып табылатын төрт әйелдің есебінде болған қаражатты мемлекет пайдасына айналдырды.
Мемлекетке 180-нен астам алтын әшекейлер – танамоншақтар, алқалар, сақиналар, білезіктерді береді. Сонымен қатар 10-ға жуық жеке үй мен екі тұрғын үй тәркілеуге жатады.