АСТАНА, 7 қар – Sputnik. Сот Қазақстандағы мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынғаны үшін айыпталған шымкенттік сыра зауытының директоры Тоқтар Төлешовты 21 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан агенттігі тілшісі.
Сот отырысы Астана қаласындағы қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық әскери сотта өтті. Деректерде мемлекеттік құпияға қатысты мәліметтер бар болғандықтан, іс жабық режимде қаралды.
"Төлешов 21 жыл жылға бас бостандығынан айыру, заңсыз немесе қылмыстық жолмен тапқан қаражатқа алынған мүліктерін тәркілеу, коммерциялық немесе қоғамдық ұйымдарда басқару қызметін атқару құқығынан өмір бойына айыру және жаза мерзімін қатаң режимді түзету колониясында өтеу жазасына кесілді", — деп үкімді оқыды судья Ербол Ахметжанов.
Төлешовтың жазасын өтеу мерзімі осы іс бойынша қамауда уақытша ұсталған уақытын ескере отырып 2016 жылғы 30 қаңтардан бастап есептелінеді.