АЛМАТЫ, 1 қараша — Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында көктайғақ салдарынан көлік тасжолдан шығып кетті. Жол апатынан бір жолаушы қаза тауып, тағы үш адам ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Әлеуметтік желіде Қызылжар ауданы Новокаменка ауылы маңындағы жол апаты болған жерден түсірілген фотолар тарады. Жазбаға қалдырған пікірге сүйенсек, қайтыс болған әйел биология пәнінің мұғалімі болған. Көпшілік әйелдің жақсы ұстаз болғанын айтып, жақындарына көңіл айтты.
Полицейлер адам өлімі туралы ақпаратты растады.
"31 қазан сағат 15:00 шамасында Жезқазған-Петропавл тасжолының 935 шақырымында Audi көлігінің 22 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, аударылды. Салдарынан дене жарақатымен үш жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Жолаушылардың бірі сол жерде қайтыс болды ", - деп хабарлады Қызылжар ауданы полициясы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жол апаты фактісі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі (жол қозғалысы немесе көлік пайдалану ережелерін бұзу адам өлімне әкеп соққан жағдай) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Оқиға орнына Қызылжар ауданы полициясының жедел тергеу тобы барды. Сотқа дейінгі тергеу аясында полицейлер жол апатының мән-жайы мен себептерін анықтайды. Бірқатар сараптама жасалады. Қабылданған шаралардың қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады.
Айта кетері, бұл өңірде демалыс күндері бірнеше жол апаты болды. Сенбіде Петропавлда және облыс аудандарында қар жауып, жолдарда көктайғақ пайда болды.