Қоғам

"Айналайын, жоғарыдағы көкелер!": досының өлімін көрген жігіт жанайқайын жазды 

© Photo : pixabay.comПарень в капюшоне, иллюстративное фото
Парень в капюшоне, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Жол апатында зардап шеккен досына көмектесе алмай, шарасыздық күйде болған БҚО тұрғыны шенеуніктердің назарын ауылдағы медицинаның хәліне аударды

НҰР-СҰЛТАН, 29 қыркүйек – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында танымал саксофоншы Дәулет Шәмелов жол апатынан қаза болды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.

Жол апаты 25 қыркүйекте Орал-Индер тас жолында Көнекеткен ауылының маңайында болған. Көлікте бес адам отырды. Біреуі - 1994 жылы туған Чапаево ауылының тұрғыны Дәулет Шәмелов жедел жәрдем жеткенше қайтыс болды.

Әділет Орынбасаров досының қалай көз жұмғанын өз көзімен көрген. Ол әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы өзінің жанайқайын жеткізіп, апат болған күні төрт адамның досын құтқара алмай, шарасыздыққа қалайша тап болғанын жазды. Себебі ауылды жерде ұялы байланыс дұрыс ұстамайды. Содан жедел жәрдем кеш келді. Ал медициналық көлікте қарапайым құрал-жабдықтар да жоқ болып шықты.

"Шарасыздықтан егілген бауырларымды көріп, ағыл-тегіл жыладым. Ия, ажал айтып келмейді. Бірақ бүгінгі оқиға менің тарапымнан заңды сауалдар туындатты. Алдымен, баяғы ұялы байланыстың болмауы. Ойбай, дамыған Қазақстан, онлайн оқу, әлемнің үздік 30 мемлекетінің қатары деп ұрандатамыз. Қаншама ауылдар ғаламтор былай тұрсын, кәдімгі сапалы ұялы байланысқа зәру. Мұқтаж! Адам жаны қыл үстінде тұрғанда жедел жәрдемге телефон шалып, көмекке шақырайын десең байланыс жоқ! Жоқ! Жан дауысың шығады. Бірақ таппайсың!", - дейді Орынбасаров.

Оның сөзіне қарағанда, ауылдағы медицинаның жағдайы сын көтермейді. Себебі оқиға орнына келген жедел жәрдемде қажетті құрал-жабдықтар мен медициналық препараттар табылмады.

"Айналайын, жоғарыдағы көкелер! Еститін мемлекеттің қызметкерлері! Ауылдағы медицинаның хәлін білесіздер ме сіздер? Сағаттап күткен жедел жәрдемнің хәлі нашар адамды салып, көлікке дейін жеткізер қарапайым зембілі жоқ. Дем алуы қиындаған адамға салатын дәрілік препараттар таба алмай байғұс дәрігерлер сарсаңға түсті. Бір жедел жәрдем көлігі оқушыларды тасып жүр. Міне, дамыған ел! Медбикелердің шарасыздығын, қолдары байлаулы екендігін көріп бүйткен медицинаң құрсын деп айқайлағым келді", - дейді Орынбасаров.

Ол ғаламтордың Нұр-Сұлтан мен Алматы, сондай-ақ, облыс орталықтарынан бөлек ауылға да қажет екенін жеткізді. Себебі ауылда да адам бар. Олар да өмір сүргісі келеді.

"Жол көлік оқиғасында менің бауырым, талантты жас, бойына өнер дарыған қазақтың тағы бір баласы қаза тапты. Егілдім. Шарасыз қалпымды көріп өз-өзімді жек көрдім", - дейді Орынбасаров.

Оқи отырыңыз: Алматы блок бекетіндегі апат: аман қалған полицей не жағдай болғанын айтты

Жаңалықтар
0