НҰР-СҰЛТАН, 28 қазан – Sputnik. Әлеуметтік желіде халыққа пиязды қаппен таратып жүрген ауыл жігіттерінің видеосы тарады. Әкімдік жас кәсіпкерлердің осы бастаманы қолға алғанын растады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Ассалаумағалейкүм, қазақ елі, қазақ жұрты! Біз Жамбыл облысы Бірлесу-Еңбек ауылының жас палуандары ауылымыздың бүкіл үйіне пияз таратып жатырмыз және тегін, ешқандай ақша жоқ. 300 үй бар ма, 300 үйдің бәріне таратып жатырмыз. Челлендж жолдаймыз! Шоқай ауылы бар, Аса, Пионер, Шайдана, Еңбек, Рахат", - дейді бастамашыл топтың өкілі.
Жамбыл облысы Жамбыл ауданының әкімдігі жас жігіттердің 300 қап пиязды тегін таратып бергенін растады. Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғындары Жеткерген Оразымбетов, Руслан Ембердиев пен Акмал Тұрсынбаев былтыр да тура солай жасаған.
Биыл жас кәсіпкерлер 25 гектарға пияз егіп, 51 мың қап өнім алған.
"Жақсылықты ту еткен жігіттер Шоқай мен Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғындарына 300 қап пиязды үйді-үйге тегін үлестіріп, жұртшылықтың ақ батасын алды. Көптің көңілін көктем еткен кейінгі толқын ұрпақ бұл бастаманы барлық ауылдың азаматтарына жолдап, жалғастырады деген үмітте", - дейді әкімдік қызметкерлері.
Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев қолы ашық азаматтарды қабылдап, құрмет көрсетуге ниетті.