НҰР-СҰЛТАН, 8 қазан – Sputnik. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік желіде баянауылдық әйелдің кешірім сұраған видеосы тарағаннан кейін тергеу жүргізіп жатыр.
Өңірлік Pavlodarnews.kz порталының ақпаратынша, Құндыкөл ауылдық округінің әкімі Самат Ибраев тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін.
Өңірлік мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің мәліметінше, әкімге қатысты тәртіптік іс қозғалды, оның аясында қызметтік тергеу жүргізіледі.
"Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады. Егер жауапты тұлғаның кінәсі дәлелденсе, ол тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Жасаған іс-әрекетінің ауырлығына қарай, ескертуден қызметтен босатуға дейін тәртіптік жаза қарастырылған", - деп мәлімдеді ведомстводағылар.
Бұған дейін Павлодар пабликтерінде жауған қарды видеоға түсіргені үшін әкімдіктен кешірім сұраған Баянауыл ауданы тұрғынының видеосы тарады. Әйел шенеунікке видеоны әлеуметтік желіде жарияламағанын, туыстарына жібергенін айтып ақталды.
View this post on Instagram
Желі қолданушылары әкімдік қызметкерінің әйелге не үшін кешірім сұратқанын түсінбей әлек болды.
Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов Sputnik Қазақстан тілшісіне бұл келеңсіз жағдайға өзіне берілген тапсырманы дұрыс түсінбеген ауыл әкімі кінәлі екенін айтты. Кәрімов ауданда қар тазалау жұмыстары жүріп жатқанын, тәулігіне бір жарым айлық норма түскенін атап өтті.
Оқи отырыңыз: