АЛМАТЫ, 6 қазан – Sputnik. Түркістан облысында қайтыс болған 28 жастағы Бақытжан Оңалбековтың туыстары оның өліміне полиция қызметкерін айыптап отыр. Туыстарының айтуынша, ол құлдыққа түскен, деп хабарлады Otyrar.kz.
Оңалбеков 30 қыркүйекте өзіне қол жұмсаған. Кейінгі жарты жылда ол қой бағып, отбасының азық-түлік дүкеніндегі қарызын төлеген. Дүкен иесі 300 мың теңге қарызды қой бағып қайтаруды ұсынған. Туыстарының сөзінше, содан кейін Бақытжан құлдыққа түскен.
"Қаласа боқтайды, қаласа ұра салады. Бір рет ұрған соң, екінші рет қол көтерген шығар деп ойлаймын. Ол үш рет қашып келді, оны тауып, қайта алып кетіп отырды. Ең соңғы келгенінде 5 күн қалды, соны абыроймен аяқта дедім. Егер осылай боларын білсем, жібермейтін едім", - дейді Бақытжанның анасы Аягөз Бердалиева.
Марқұмның артында екі жасар ұлы қалды. Анасының сөзінше, ол суицид жасаған күні мал иесі алты қойының жоғалғанын айтып, сол үшін тағы 300 мың теңге талап еткен. Өзінің байланысы мен жағдайын айтып қорқытқан. Содан кейін Бақытжан шарасыздықтан осындай қадамға барған дейді.
"Кеше Леңгірге бардық. Бізге оның Сайрамда жол полициясы болып жұмыс істейтінін айтты. Сен полицей болсаң да біреудің баласын осылай мазақ қылуға құқығың жоқ, сенің де өз балаларың өсіп келе жатыр", - дейді Аягөз Бердалиева.
Оқи отырыңыз: Шығыс Қазақстанда бұрынғы сүйіктісін зорлаған полицей сотталды
Журналистер телефон арқылы жұмыс берушіге хабарласты. Алайда ол өзінің қол астында ешкім жұмыс істемегенін айтты.
"Жоқ, ондай адам жұмыс істеген жоқ. Сау болыңыз, сіз шатастырып тұрсыз", - деп жауап берді ол.
Бақытжанның отбасы полицияға арыз жазды. Тергеуге байланысты ер адамның денесі әлі жерленген жоқ. Түркістан облысы полициясының мәліметінше, істі департамент басшылығы бақылауға алған.