Өңірлер

Шымкентте мәйітхана жанында кезек қалыптасты

© AP Photo / Oded BaliltyҚызметкерлер мәйітті орауда, архив сурет
Қызметкерлер мәйітті орауда, архив сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.08.2021
Жазылу
Шымкенттің патологоанатомдық бюросына мәйіттер қаладан ғана емес, Түркістан облысынан да жеткізіледі

НҰР-СҰЛТАН, 13 тамыз – Sputnik. Шымкентте коронавирустан көз жұмғандар көрсеткіші жоғары. Егер қаланың патологоанатомдық бюросына айына Шымкент қаласы мен Түркістан облысының ауруханаларынан 60-65 мәйіт жеткізілсе, қазір күніне 30-35 мәйіт жеткізіледі, деп жазды otyrar.kz. сайты.

Шымкенттің патологоанатомдық бюросының алдына адамдар таң бозынан жиналады. Көлік тұрақтарында орын жоқ. Құжаттар беретін терезе жанында кезек.

Мұнда мәйіттер қаланың барлық ауруханалары мен Түркістан облысының медициналық мекемелерінен жеткізіледі. Марқұммен қоштасудың сәті де осы жерде өтеді. Қайтыс болғандардың көбі коронавирустан көз жұмғандар.

"Егер бұрын бізге айына 60-70 мәйіт жеткізілсе, қазір күніне 30-35 адам түсіп жатыр. Олардың 80-90 проценті ковидтен көз жұмғандар. 1-2 жағдай ғана инсульттен немесе инфаркттан қайтыс болғандар", - дейді патологоанатом дәрігер Марат Тоқтасов.

Қабір қазушылар да өз істерін атқарып үлгермей жатыр. Өйткені жақындарын жерлеушілердің қарасы күн ұзақ үзілмейді. Алайда бұл туралы қабір қазушылар камераға айтудан бас тартты.

Жыл басынан бері Шымкент қаласында коронавирустық инфекциядан 600 адам қайтыс болды. Ең үлкен көрсеткіш шілде айында тіркелген. Шілде айының басы мен осы күнге дейін қалада коронавирустан 300-ден аса адам көз жұмған.

Оқи отырыңыз: Өкпе "жыртылады": дәрігер COVID жұқтырған науқастардың қателігі туралы айтты

Шымкент қаласының бас дәрігерінің айтуынша, жақындары мәйітті бірден жерлегісі келеді. Алайда процедураға сәйкес, мәйіт тек 2-3 күннен кейін беріледі.

"Көп адамдар қоңырау шалып, өтініш білдіріп жатады. Әсіресе мұсылмандар. Біз оларға адам коронавирустан көз жұмса 2 сағат ауруханада болуға тиіс екенін айтамыз. Содан кейін мамандар мәйітті патологоанатомдық бюроға жеткізеді. Ол жерде мәйіт сойылады. Онсыз бермейді", - дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Пазылов.

Мәйіт  санитарлық талапқа сай, матаға оралып, сыртына клеенка кигізіледі. Өйткені коронавирус мәйіттен тірі адамдарға жұғуы мүмкін.

Күніне Шымкентте шамамен 100 адам көз жұмады. Олардың арасында коронавирустан, жүрек қан тамырлары, инсульт, онкологиядан және жол көлік оқиғасынан қайтыс болатындар бар.

Жаңалықтар
0