НҰР-СҰЛТАН, 27 шілде – Sputnik. Павлодар қаласында санитарлық-эпидемиологиялық талапты бұзған ойын-сауық орнынан бірден 200 адам полиция бөліміне жеткізілді, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
"Түнгі уақытта ойын-сауық мекемесінде жасөспірім жүрді. Осыған байланысты бардың әкімшісі құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабы бойынша жауапқа тартылды. Оған сәйкес, жеке тұлғалар 10 АЕК (29 170 теңге), шағын кәсіпкерлік нысандар - 15 АЕК (43 700 теңге), ал орта бизнес өкілдері екі есе артық айыппұл төлеуге міндеттеледі", - дейді полицейлер.
Бұдан бөлек, ойын-сауық мекемесінің иесін әкімшілік жауапқа тарту үшін барлық материал санитарларға жіберілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы (санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды бұзу) бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК (87 510 теңге), лауазымды тұлғаларға, шағын кәсіпкерлік нысандарына - 230 АЕК (670 910 теңге), орта бизнес өкілдеріне - 310 АЕК (904 270 теңге), ал ірі кәсіпкерлерге 1600 АЕК (4 667 200 теңге) көлемінде айыппұл салу жазасы қарастырылған.