НҰР-СҰЛТАН, 12 шілде - Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысында табиғи парктің орманды ауқабына қауіп төндірген өрт тікұшақ көмегімен сөндірілді, деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
11 шілде күні 101 телефонына Айыртау ауданы Имантау ауылынан 5 шақырым жерде орналасқан Қарауылтөбе орман шаруашылығының орманды аумағына қарай шарпыған құрғақ шөптің өртеніп жатқаны туралы ақпарат келіп түсті.
"Өрт болған жерге құрлықтағы және әуе күштері жұмылдырылды атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар департаментінің, "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Арықбалық және Шалқар филиалдары, шаруа қожалықтары және жергілікті тұрғындар күші мен құралдары жедел жіберілді", - деп хабарлады төтенше жағдайлар департаментіндегілер.
Қарағайлы-қайыңды ормандағы өртті 114 жеке құрам, 16 техника және бір тікұшақ сөндірді.
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысының үш ауылында төтенше жағдай жарияланды
Уақытылы қабылданған шаралардың арқасында табиғи парктің орман алқаптарына қауіп төндіретін өрттің одан әрі таралуын болдырмауға мүмкіндік туды. Өрт бес сағаттан кейін ауыздықталды.
Зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша өрт ауданы 100 гектарды құрады. Оның себебі анықталып жатыр.