Өңірлер

Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік: адвокат сотталушылардың жүйкесі сыр бергенін айтты

CC0 / StockSnap / Күнге қол созған адам, иллюстративті фото
Күнге қол созған адам, иллюстративті фото - Sputnik Қазақстан, 1920, 21.04.2021
Жазылу
Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша қорғаушылардың бірі сотталушылардың психологиялық жағдайы туралы айтып берді. Олардың кейбірі кәмелет жасына толмаған

НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір - Sputnik. Өткен жылдың шілдесінде болған Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік ісі бойынша сотталушылар кінәсін мойындау туралы прокурормен процестік келісім жасайды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сотқа кімдер қатысып жатыр

Жаппай тәртіпсіздік туралы іс Қарағанды облысының кәмелет жасына толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Себебі оқиға болған кезде үш сотталушы 18 жасқа толмаған болатын. Атап өтсек, желтоқсанда олардың бірі кәмелет жасына толды. Жалпы саны 55 адам, соның ішінде 49 ер адам мен алты әйел сот алдында жауап беруде.

Оқи отырыңыз: Сәтбаевта 5 жасар қызды зорлаған ер адам изоляторда өлі табылды

Сот отырысына судья Кенжебай Ысқақбаев төрелік етуде. Процеске айыпталушы тараптан үш прокурор – Нұрсұлтан Тамабаев, Шыңғыс Нұрдәулетов пен Бекзат Әшімбеков қатысып отыр. 50 полиция қызметкері, 13 азаматтық тұлға, сондай-ақ Қарағанды облысы полиция департаментінің өкілі іс бойынша жәбірленуші ретінде көрсетілген.

Сотталушылар қылмыстық кодекстің 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздік" және 380-бабы "Билік өкіліне қатысты күш қолдану" бойынша айыпталып отыр.

Кінәні мойындау туралы келісім

Процесс барысында сотталушылар кінәні мойындау туралы прокуратурамен процестік келісім жасауға дайын екендерін мәлімдеді. Процеске қатысушының бірі – адвокат Гаухар Айтжанова сәрсенбі күні істі қарастыруды жеделдету туралы прокурорларға өтініш білдірді. Сот отырысы онлайн режимде өтіп жатыр, тараптар видеоконференция арқылы байланысып отыр.

Адвокат бұл мәселені аптаның соңынай дейін шешуді өтінді.  

"Мына спорт залда (процеске қатысу үшін сотталушыларды спорт залда жинаған – Sputnik) не болып жатқанын сіздер біліп отырған жоқсыздар. Жағдай ушығып тұр. Балалардың жүйкесі сыр бере бастады. Сіздер оны көріп те, естіп те тұрған жоқсыздар. Мен мұны адвокат ретінде емес, адам, әйел, ана ретінде сұрап отырмын. Сіздердің де балаларыңыз, отбасыларыңыз бар. Бұл өте ауыр. Балалар тоғыз айдан бері осында жатыр", – деді Айтжанова.

Ол қажет болған жағдайда адвокаттар техникалық құралдар, яғни ксерокөшірме мен қағаз бойынша прокурорларға көмек беруге дайын екенін жеткізді.

Бұл өтінішке прокуратура өкілі мемлекеттік айыптаушы процестік келісімді әзірлеуі үшін екі апта уақыт қажет екенін айтты.

"Өздеріңіз білетіндей, бұл іс бойынша 55 сотталушы мен 64 жәбірленуші қатысып отыр. Келісім әрбір сотталушымен жеке жасалады. Осыны есепке алып, бізге екі апта мерзім беруді сұраймыз", - деді прокурор.

Судья Кенжебай Ысқақбаев процестік келісімді әзірлеу және оны сотқа жолдау үшін прокурорларға 5 мамырға дейін уақыт берді. 5-12 мамыр аралығында сот процестік келісіммен танысатын болады.

Сәтбаевтағы тәртіпсіздік

Айыптау актісіне сәйкес, Сәтбаевтағы жаппай тәртіпсіздік бес жастағы қыздың жоғалуынан кейін басталған. 23 шілде күні кешкі уақытта қала полициясына қыздың анасы хабарласқан. Қонаққа келген бала аулаға ойнауға шығып, із-түзсіз жоғалып кеткен. Іздеу шараларына полиция қызметкерлері, жергілікті тұрғындар қатысты.

Әлеуметтік желіде қыз баланың жоғалғаны туралы ақпарат жылдам тарады. Бала жоғалған үйдің жанына адамдар жинала бастады. Полиция қызметкерлері жоғалған бүлдіршінді түнгі сағат бір шамасында көрші пәтерлердің бірінен тапқан. Күдікті ұсталды. Ол уақытта үй ауласына бес жүзге жуық адам жиналды.

Оқи отырыңыз: Сәтбаевта 5 жасар қызды зорлау оқиғасы – жаппай тәртіпсіздіктің хронологиясы

Жиналған жұрт баланың табылғанын естіді. Ал осы уақытта әлеуметтік желіде бүлдіршінге зорлық жасалғаны туралы мәлімет тарап кеткен болатын. Қысқа уақыт ішінде жиналған жұрт қарасы мың жарымға жуықтады. Прокуратура ақпараты бойынша, олардың арасында бұрын қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар, мас адамдар да болған.  

Жиналған азаматтар күдіктіні беруді талап етті, оны өздері жазалағылары келді. Содан соң олар күдікті тұрған пәтерге басып кірді. Алайда құқық қорғаушылар ол кезде ер адамды үйден шығарып үлгерген болатын.

Толқуға қатысушылар одан соң жергілікті полиция бөліміне де барып, қызды ұрлаған қылмыскерді беруді талап етеді. Олар терезені сындырып, қызметтік көліктерге зақым келтірген. Ондаған автокөлікке келтірілген шығын 115 мыңнан 2 миллион теңгеге дейінгі соманы қамтыды.

Сонымен қатар жаппай тәртіпсіздікке қатысушылар полиция автобусын өртеп, полиция ғимаратына тас лақтырғаны белгілі болды.

Ұлттық гвардия сарбаздары оқиға орнына жеткеннен кейін ғана жағдайды тұрақтандыру мүмкін болған.

Күдікті қайда

Қыз баланы зорлау фактісі бойынша күдікті өткен жылдың қазанында Қарағандының тергеу изоляторында өлі күйінде табылды. Оның өз-өзіне қол салғаны белгілі болды. Бүлдіршінді ұрлау және зорлау туралы іс сотқа жөнелтілді. Екі адам сот алдында жауап беруде. БАҚ мәліметі бойынша олар - ерлі-зайыптылар.

Жаңалықтар
0