НҰР-СҰЛТАН, 21 сәуір – Sputnik. Қарағанды облысының Тоғызқұдық ауылында 8 ай бұрын күйеуі өлтіріп, тығып тастаған 35 жастағы келіншектің денесі табылды. Оны полиция ауылдан небәрі 10 шақырым жерден анықтаған.
Марқұмның туыстары Бұқар жырау аудандық полиция басқармасын қылмыскерді дер кезінде ұстамады деп кінәлайды.
Жоғалып кеткен келіншекті іздеуге атсалысқан ауыл адамдары мен марқұмның жақындары көп жиналғандықтан ол жерге арнайы жасақ шақыруға тура келген, деп хабарлады "Астана"арнасы.
"Сабырлы болатын": Оралда әкімдіктің бұрынғы қызметкері әйелін пышақтап өлтірді
Айта кетейік, марқұм өткен жылы 22 қыркүйек күні Теміртау қаласынан Тоғызқұдық ауылында тұратын күйеуі мен ата- енесінің үйіндегі кішкентай қызын алып келу үшін кетіп, сол күйі оралмаған. Сол күннің ертесіне күйеуі оның төркініне барып, қыздарының жоғалып кеткенін хабарлайды. Келіншек отбасылық кикілжің салдарынан соңғы жарты жылда өз ата-анасының үйінде тұрған көрінеді.
Жақындары із-түзсіз кеткен әйелді полициямен бірге іздеген. Полицияның айтуынша, күйеуі 4 ай бұрын әйелін өлтіргенін мойындаған, артынша өзіне қол жұмсаған. Ал марқұмның туыстары болса, "мәйіттің сол мезетте табылмауына полицияның салғырттығы себеп болды" дейді. Оның үстіне күдікті қылмысын мойындар алдында 3 баласынан бас тартып, өзінің әпкесінің атына жаздырып кеткен. Нағашылары енді жиендерін де көре алмай отыр.
"2020 жылы 15 желтоқсанда Жаманбаев Саят Бұқар жырау аудандық полиция басқармасына келіп қылмысын толық мойындады. Қылмысын мойындап тұрған адамды таңғы 8-де келіп, көмген жеріңді көрсет деп үйіне қайтарып жіберген. Осы қылмыс 7 ай емес 7 сағатта ашылатын қылмыс. Бұқар жырау аудандық заң қызметкерлері өздерінің жұмысын адал атқарған жоқ деп есептейміз", - дейді марқұмның әпкесі Сайран Балбиқызы.
Қарағанды облыстық ПД ресми өкілі Бақытжан Құдияровтың айтуынша, 15 желтоқсанда жауап алу кезінде ол әйелін өлтіргенін мойындаған. Бірақ қызметкерлерде оны қамауға алуға нақты негіз және дәлел болмапты.
"Оның сөзін растайтын мәйіт те, куәгерлер де болған жоқ. Әйелдің мәйіті табылды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп түсіндірді ол.