АЛМАТЫ, 20 сәуір – Sputnik. Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ауыл тұрғынының қылмыстық әрекетіне қатысты сот процесі аяқталды. Сотқа алқабилер қатысты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айыптау қорытындысына сәйкес, Павлодар облысы Подстепка ауылының 43 жастағы тұрғыны 50 жастағы досы өзіне айтпай, ішімдік сатып алып ішкен деп болжаған. Соған ашуланған ол досы төсекте ұйықтап жатқанда ұрып-соққан. Оған қоса оның көмейіне шиі екі картоп тыққан. Механикалық асфиксиядан ер адам қайтыс болды.
Оқи отырыңыз: Домбыра, күнбағыс майы мен кептірілген картоп: түрмеде тағы не өндіріледі? - фото
Сотталушының кінәсі куәгерлердің сөзі және бірқатар сараптама қорытындысы арқылы дәлелденді.
Сотта прокурор кінәлі азаматты 15 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал сотталушы мен оның адвокаты кісі өліміне қатысы жоқ екенін айтқан.
"Алқабилердің бірауыздан қабылдаған үкімі бойынша ауыл тұрғыны дәрменсіз күйдегі адамды өлтіргені үшін кінәлі деп танылды", – деді соттың баспасөз қызметі.
Сот шешімімен ауыл тұрғыны 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі ең жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.