Өңірлер

"Мәйітті қорада жасырған": ауыл тұрғындары мұғалімнің жұмысқа шығуына қарсылық білдірді

© Sputnik / Ирина АдамоваПарта
Парта - Sputnik Қазақстан, 1920, 06.04.2021
Жазылу
Ауыл тұрғындарының арасында мұғалім жұмысқа шықса, балаларын мектепке жібермейміз деп отырғандар да бар

НҰР-СҰЛТАН, 6 сәуір – Sputnik. Атырау облысындағы Таңдай ауылының тұрғындары тергеуге ілінген мұғалімнің қайта жұмысқа шығуына қарсы шықты. Әйел бірнеше ай бойы өлген нағашысының мәйітін қорада жасырып келген, деп хабарлайды "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 82 жастағы ер адам жиенімен бірге тұрған. Қария көрінбей кеткеннен кейін көршілері мен туыстары алаңдай бастады. Артынан оның мәйіті қорадан табылды.

Жиені қарияның қайтыс болғанын білгенімен, бірнеше ай бойы ешкімге ештеңе айтпаған.

Әйел ауыл мектебінде жұмыс істеген. Тергеу кезінде оны қызметінен уақытша шеттеткен. Ал сот-медициналық сараптама ақсақалдың қорада кенеттен қайтыс болғанын көрсетті. Сол себепті мұғалімге қатысты қылмыстық іс тоқтатылған болатын. Алайда жергілікті тұрғындар әйелдің қайта жұмысқа шығып, балаларға сабақ беруіне қарсы. Сондай-ақ, ол нағашысының өлімін біраз уақыт жасырған. Өзінен сұрағанда үйде жоқ, кетіп қалды дей салған көрінеді.

"Біз ондай адамның мектепке қайта барып, балаларымызға сабақ беруіне қарсымыз. Егер жергілікті билік арызымызды ескермесе, президент пен білім министріне шағымданамыз. Мұғалім жұмысқа шықса, кейбір ата-аналар балаларын мектепке жібермейміз деп отыр", – дейді олар.

Бүгінде 206 адамның қолы қойылған арыз мектеп директорына, Бақсай ауылдық округының әкіміне, аудан прокурорына, облыстық білім басқармасына және "Nur Otan"-ның аудандық филиалына жіберілді. Ал мектеп директоры Серік Қойбақов прокурордың жауабын күтіп отыр.

"Біз қылмыстық істің тоқтатылғанын білеміз. Ол кісінің жұмысқа қайта шығуына байланысты аудандық прокуратураның жауабын күтіп отырмыз. Басқа ештеңе айта алмаймын", – деді Қойбақов.

Оқи отырыңыз: Атып кеткен: қала көшесінен мектеп мұғалімінің денесі табылды

Әйелдің мәйітті не себепті жасырғаны белгісіз. Қарияның зейнетақысын алды ма, алмады ма, ол жағы да беймәлім.

Жаңалықтар
0