АЛМАТЫ, 30 наурыз – Sputnik. Атырау облысы Құрманғазы ауылында 29 наурызда таңғы сағат 8 шамасында полиция қызметкері асылып қалды. Бұл туралы жерігілікті "Ақ жайық" басылымы жазды.
Редакцияның хабарлауынша, Құрманғазы ауданының 25 жастағы тұрғыны Теңіз полиция бөлімі кезекшісінің көмекшісі болып жұмыс істеген. Мәйіт стадиондағы турникте (белтемір) ілініп тұрған жерінен табылды. Қазір қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзін өлтіруге дейін жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілуде.
"Қазірге кезде 2021 жылдың 29 наурызында Құрманғазы ауданында 1996 жылы туған полиция қызметкерінің қайтыс болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде", – деп хабарлады Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Әділхан Байдосов.
Айта кетейік, Атырау облысында наурыз айының екінші жартысында осымен үшінші полиция қызметкері көз жұмып отыр.
19 наурызда полиция лейтенанты өз үйінде көз жұмған. Марқұмның әйелінің айтуынша, оның өліміне ауруы себеп болған.
Ал 20 наурызда Махамбет ауданы аумағындағы Орал өзенінен аудандық полиция бөлімінің 25 жастағы қызметкерінің мәйіті табылды. Оның көлігі өзен жағасында тұрған.
Оқи отырыңыз: Полиция автокөлігін күлкі қылғандардың видеосы таралып кетті
Полиция департаментінің хабарлауынша, осы күндері полицейлердің өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.