НҰР-СҰЛТАН, 8 ақпан – Sputnik. Қызылордада базарда жүріп инсульт алып құлаған әйелдің құжаттары мен ақша салынған сөмкесі ұрланды. Бұл туралы жәбір көрген әйелдің құрбысы Елена Когай әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
"Құрбым сыйлық алуға базарға барған. Кейіннен оның Жаңа базардағы дәретханада инсульт алғаны белгілі болды. Қазір ол облыстық медициналық орталықта комада жатыр. Бұл жерге науқасты сөмкесіз алып келген. Ал күрткесінің қалтасында қалған телефоны арқылы оның туыстарына хабар жеткізілген", – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әйел құрбысының сөмкесінде құжаттар мен несиелік карталар болғанын атап өткен.
"Оқиғаны көрген-білген жандардан көмек сұраймын. Ол ұзын бойлы, етжеңділеу және қара қысқа шашты. Орта жастағы азиялық нәсіл өкілі. Үстіне қара түсті сырмалы пальто киген", – дейді Елена Когай.
Жазба авторының айтуынша, қалалық ішкі істер департаменті жәбірленушінің туыстарынан құжат пен ақша салынған сөмкені ұрлау туралы өтінішті қабылдамай отырған көрінеді. Оның пікірінше, тоналған әйел комада жатқандықтан арыз жаза алмайды.
Оқи отырыңыз: "Үстемақыдан ақша алған": желідегі видеодан кейін аурухана басшылығы тергеуге алынды
Желі қолданушыларының жаппай пікір білдірген қолдауынан кейін қызылордалық полицейлер болған жағдайды тексеруге уәде берді.
"Желіде жарияланған жазба назарға алынып, полиция қызметкерлері жәбірленген адамның туыстарымен байланысқа шықты", – делінген полиция таратқан ақпаратта.