НҰР-СҰЛТАН, 4 қараша – Sputnik. 9 қарашадан бастап Павлодар облысында шектеу шаралары қабылданады, деп хабарлады үкімет басшысының баспасөз қызметі.
COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі медицина нысандарының коронавирустың болуы мүмкін келесі толқынына дайындығын тексерді.
Оқи отырыңыз: Ақмола облысының орталығында блок бекеттер қойылады
Сондай-ақ вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша кеңес өткізді, жергілікті мемлекеттік органдар мен полиция департаменті басшылығының қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады.
Премьер-министрдің орынбасары ауылдық жерлерде ПТР зертханасының жоқтығын ескере отырып, бұл қызмет түрінің облыс тұрғындарына қолжетімді болуын тез арада шешуді тапсырды.
Ералы Тоғжанов қазан айының қорытындысы бойынша өңірде тіркелген СOVID-19 фактілерінің үш есеге өскенін атап өтті.
Ведомствоаралық комиссияның төрағасы өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін облыс әкімдігіне 2020 жылдың 9 қарашасынан бастап бірқатар шектеу шараларын қабылдауды тапсырды:
- Павлодар қаласының периметрі бойынша блок бекеттер орнатылады;
- күн сайынғы өсім 10-нан астам жағдайда елді мекендерде санитарлық блок бекеттер орнатылады;
- мына бағыттар бойынша әуе қатынасы қысқартылады: Павлодар-Алматы аптасына 10 рейстен 5 рейске дейін; Павлодар-Нұр-Сұлтан 3 рейстен 1 рейске дейін; Павлодар-Шымкент аптасына 2 рейстен 1 рейске дейін;
- Павлодар-Алматы бағыты бойынша теміржол тасымалдары аптасына 7 реттен 3 ретке дейін қысқартылады;
- жолаушылар теміржол құрамаларының облыс ішінде аялдауына (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда) тыйым салынады;
- діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметі уақытша тоқтатылады;
- қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы сағат 20:00-ге дейін шектеледі;
- офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салынады;
- қызметкерлердің кемінде 80%-і қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіріледі;
- 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттілік болмаса тұрғылықты жерінен шықпауға кеңес беріледі.
Демалыс және мереке күндері:
- қоғамдық көліктің (трамвайлар, автобустар, маршруттық таксилер) жұмысы тоқтатылады;
- жабық және ашық азық-түліктік емес және азық-түлік базарларының жұмысы тоқтатылады;
- моншалардың, сауналардың жұмысы тоқтатылады;
- қоғамдық тамақтану объектілерінің жұмысы тек тапсырыс берушіге жеткізу форматына көшіріледі.
Соңғы мәлімет бойынша, Павлодар облысында 4 382 адам коронавирус жұқтырған, соңғы тәулікте 41 науқас анықталды.