НҰР-СҰЛТАН, 17 сәуір – Sputnik. Түркістан облысындағы ауылдардың бірінде өгей ана үш қызды аяусыз ұрып-соғып, денесін пышақпен тілгілеген, деп хабарлады білім және ғылым министрлігі.
Ведомствоның мәліметіне сәйкес, бүгінде аталған факт негізінде қылмыстық іс қозғалған.
Тексеріс барысында өгей ана қыздарының денесін пышақпен тілгілегені анықталған.
"Өгей анасы балаларды ұрып-соққан, тістеуікпен азаптаған, денесінде пышақ іздері бар. Іс ішкі істер министрлігі, бас прокуратура, білім және ғылым министрлігі тарапынан бақылауға алынды. Тіркелген дерек бойынша тексеру жұмыстары жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың тапсырмасымен Түркістан облысына министрдің кеңесшісі Раиса Шер жедел түрде аттанған.
Түркістан облысы білім басқармасының ақпаратына сәйкес, соққыға жығылған оқушылар үйіне жіберілмей, туған апасына жеткізілген.
"Қазіргі таңда балалар толық қауіпсіз. Бүгінгі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамау) 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, іс сотқа жіберілді. Сонымен қатар қамауға алу түріндегі жазаны орындау бойынша шара қолданылғаны анықталды", - деп хабарлады министрлік.
Білім және ғылым министрлігі ата-ана құқығынан тек өгей анасын ғана емес, сондай-ақ соққыға жығылған балалардың әкесін де айыру жөніндегі мәселе қарастырылып жатқанын атап өтті.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда балалар Жетісай аудандық орталық ауруханасына жатқызылған. Олардың денсаулығы мен өміріне еш қауіп жоқ. Бүгін күдікті әйелге қатысты шектеу шаралары қолданылады.