АСТАНА, 24 сәуір — Sputnik. Маңғыстау облысында Бейнеу тұрғыны 16 жастағы өгей ұлын өлтіргені үшін сотталды.
Тұрсынай Сәрсенова "Кәмелеттік жасқа толмаған тұлғаны қасақана өлтіру" бабы бойынша айыпты деп танылды.
Сот әйелдің төрт баласы барын, біреуі мүгедек екенін ескерген.
Жасөспірімнің туған анасы үкіммен келісетінін мәлімдеді, ал сотталған әйелдің туыстары сот шешіміне шағым түсіргелі отыр.
"Енді төрт бала анасыз жетім қалмақ па? Тұрсынайдың жазасын өтеуін кейінге қалдырып немесе жеңілдеткенін қалаймын. Ол – жақсы ана, туған балаларына да, Нұрсұлтанға да жақсы қарайтын, сол күні не болғанын білмеймін", — деді жасөспірімнің әкесі Қайрат Асанов "Ақтау-Лада" басылымына.
Сотталған әйелдің адвокаты мәлімдегендей, айыптау мен айғақтар бір-біріне сәйкес келмейді, соған қарағанда Тұрсынай біреудің қылмысын мойнына алып отыруы мүмкін.
Қаңтарда 16 жастағы Нұрсұлтанның денесі 20 пышақ жарақатымен табылған болатын. Анасының айтуынша, жасөспірім ата-анасы ажырасқан соң әкесінің қолында болған, өгей шешесімен тіл табыспай жүріпті.