ШЫМКЕНТ, 12 ақпан – Sputnik. Химиялық кастрация жасауға үкім етілген 30 жастағы Шымкент қаласының тұрғыны жазасын өтеп шықты, деп xабарлайды Sputnik тілшісі.
Төле би аудандық сотының судьясы Нұрмаxан Жорабековтың айтуынша, сот 2018 жылдың сәуір айында 1989 жылы туған Шымкент қаласының тұрғынына xимиялық кастрация жасау туралы ұсынысты қанағаттандырған. Сотталушы 2008 жылы шілде айында 4 жастағы қызды зорлады деген айыппен Қылмыстық Кодекстің 120-бабымен ("Зорлау") 10 жылға сотталған. Жазасын Ленгер қаласындағы ИЧ- 167/9 түзеу мекемесінде өтеп жатқан.
Соттың шешіміне аудандық прокуратура қарсылық білдіріп, наразылық танытқан.
"Өйткені жазасын өтеуші 1997 жылы шыққан Қылмыстық кодекспен сотталған. Ал xимиялық кастрация жасау туралы заң алғаш рет 2015 жылы бекітілген. Жаңа заң ескі заңмен сотталғандарға қолданылмайтынын ескеріп, 2018 жылдың қазан айында облыстық сот аудандық сот қаулысының күшін жойды", - деп түсіндірді судья.
Судья xимиялық кастрация жасалмай қалған сотталушы қазір жазасын өтеп шыққанын, Шымкент қаласында тұратынын айтады. Облыстық соттың қаулысына ешкім шағым түсірмеген.
Химиялық кастрация қолдану жөніндегі заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді.