Өңірлер

"Түнде еркекке айнала ма?" Түркістандық "сақалды апа" өмірінің қалай өзгергенін айтты

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыТүркістан облысында тұратын "сақалды апа" Мухтабар Тораева
Түркістан облысында тұратын сақалды апа Мухтабар Тораева - Sputnik Қазақстан
Жазылу
35 жылдан бері сақалмен жүрген 70 жастағы әжей оған ешқашан ұстара жүзін тигізбеген, қазір сақалдың ұзындығы 15-16 см-дей

ТҮРКІСТАН, 29 қыркүйек — Sputnik, Жансая Тәуекелқызы. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында тұратын Мухтабар Тораева өзінің табиғи жаратылысын мақтан тұтады. Тіпті танымал адам болдым деп отыр. Оның бұл болмысын алғашында өзгелер қалай қабылдады? Қазір қандай пікірде? Туыстары не дейді? Бұл сұрақтарға жауап алу үшін тілшісі "сақалды апамен" арнайы сұхбаттасып қайтты.

"Көбі азан шақырып қойған есімімді біле бермейді"

Көпбалалы отбасында дүниеге келген ақ жаулықты ана алғаш рет сақал шыға бастағанда ешқандай қорқыныш пен уайым болмады дейді. Өйткені әйел адамына сақал шығу Мухтабар апа үшін таңсық емес. Өзінің нағашы әжесінде, анасы, тіпті туған әпкесінің де сақалы болған.

© Sputnik / Жансая ТәуекелқызыМухтабар Тораеваның сақалмен жүргеніне 35 жыл болған
Мухтабар Тораеваның сақалмен жүргеніне 35 жыл болған - Sputnik Қазақстан
Мухтабар Тораеваның сақалмен жүргеніне 35 жыл болған

"Шамамен 34-35 жасымда алғаш рет сақал шыға бастады. Ол кезде тұрмыстамын, бір ұлым мен қызым бар. Мен үшін бұл қалыпты жағдай секілді көрінді. Сақал талшықтары сирек еді ол кезде. Уақыт өтіп, саны артты. Кейін мұрт та пайда болды. Сақалыммен жүргеніме 35 жыл болыпты", — деп әңгімесін бастаған Мухтабар апа ауыл ішінде өзінің азан шақырып қойған есімін көбі біле бермейді дегенді алға тартты. Көбі "сақалды апа" деп атайды екен.

"Жолдасым мені жүрген жерінде мақтан тұтатын"

Табиғи болмысы ерекше кейуананы жолдасы "Менің әйелім ерекше жан. Ондай әйел ешкімде жоқ" деп жүрген жерінде балаларының анасын жер көкке сыйғызбай мақтап келген екен. Өкінішке қарай, Мухтабар апаның жолдасы осыдан жеті жыл бұрын дүниеден озған.

Түркістан облысының Төрткүл ауылының тұрғыны Жақсылық Отаубеков - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
"Тапқыр шебер" атанған түркістандық қария ерекше ісімен жұртты таңғалдырып жүр - фото

"Жолдасым 50 жыл етікші болған азамат. Маңдай термен тапқан еңбегінің арқасында бізді асырады. Өзім үй шаруасында балаларға қарап отырдым. Мал бақтық. Маған алғаш рет сақал шыға бастағанда ол кісі ешқандай ерсі көрген жоқ. Қайта керісінше, "Алланың бергені сол. Оны күтіп-баптау қажет" деп кеңесін аямады. Жолдасым қолдап тұрған менде не қорқыныш болу керек? Тіпті менің сақалым барын көпшілік біле бастағанда әйелім танымал болды деп қуанып жүрді", — дейді "сақалды апа".

"Сақалыма ұстараның ұшын тигізген емеспін"

Отыз бес жылдан бері сақалмен жүрген әжей осы жылдар ішінде бір рет болсын сақалына ұстараның жүзі тимегенін алға тартты. Оның өзіндік себебі бар болып шықты. Апаның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын ауыл ішінде туыстарының бірі ауызашар берген екен. Сонда бір егде жастағы әйел Мухтабар Тораеваға көз алмай қарап отырыпты.

Кейін қасына жақындап: "Сіз ерекше жаратылған жансыз. Періштелер қолдап жүреді. Сіздің аталарыңыздың бірі дін жолын ұстанған екен. Ол қасиет сізге де дарыған. Сондықтан сақалыңызға ұстараның жүзін тигізбеңіз. Әйтпесе сырқаттанып қалуыңыз мүмкін" деп айтыпты.

© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы70 жастағы әжей осы жылдар ішінде сақалына ұстараның жүзін тигізбеген
70 жастағы әжей осы жылдар ішінде сақалына ұстараның жүзін тигізбеген - Sputnik Қазақстан
70 жастағы әжей осы жылдар ішінде сақалына ұстараның жүзін тигізбеген

"Расымен де, менің атамның әкесі дін жолын ұстанған, танымал молда болған. Емшілік қасиеті де бар көрінеді. Өзіме ол қасиеті дарымаса да, бес уақыт намазымды еш қаза қылған емеспін. Жыл сайын ауыз бекітемін. Әлгі әйел азаматының сөзі қатты есімде сақталып қалды. Ара-тұра тылсымға толы түстер көріп, әлдекім аян беріп жатады. Шыны керек, әлі күнге дейін сақалымды қысқартқан емеспін. 35 жыл болыпты, ұзындығы 15-16 см-дей", — деген Мухтабар апа сақалына соңғы жылдары ақ түсе бастағанын айтып қалды.

Бірақ, оны кейбіреулер секілді боямаймын дейді. Өзінің туысындай болып кеткен көршісі шашыңызды боярда сақалыңызды да бояйық деп қалжыңдайды екен.

Шоши қарайтындар да, қызық көретіндер де бар

Мухтабар апаны алғаш көрген кей адамдар таңырқай қарап, енді бірі өзін алшақ ұстағысы келеді екен. Тіпті "сақалды апаны" көргендер "өзге діннің адамы сияқты" деп бір-бір түртіп, үрки де қарайтын көрінеді.

Сұхбат барысында Мухтабар апа мына бір оқиғаны есіне түсірді.

"Жыл сайын құдағиым әрі құрбыммен бірге емдеу-сауықтыру орталығына барып, демаламыз. Бірде құдағиымнан бір емделуші мен туралы сұрапты. "Мына кісі әйел ма, еркек пе өзі? Мүмкін түнде еркекке айнала ма? Бұл қалай сонда?" деп қатты таң қалыпты. Оны естіген біз әбден күліп алдық. Мұндай жағдай жиі болып тұрады. Әсіресе көпшілік орындарда", — деді "сақалды апа". 

© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы6 немере мен 3 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әжейдің сақалы сол балалардың қызығына айналған
6 немере мен 3 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әжейдің сақалы сол балалардың қызығына айналған - Sputnik Қазақстан
6 немере мен 3 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әжейдің сақалы сол балалардың қызығына айналған

Айтпақшы, Мухтабар Тораева өз балалары анаcының бұл ерекшелігіне үйреніп кеткенін, тек келіндері алғашында таң қалып қарағанын айтты. Уақыт өте, үйреніп кетті дейді. 6 немере мен 3 шөбере сүйіп отырған ақ жаулықты әжейдің сақалы сол балалардың қызығына айналған. Тіпті немере мен шөберелері әжелерінің сақалын тарап, күтім де жасайды екен.

"Танымал адам боп шыға келдім"

"Сақалымды мақтан тұтамын. Ол маған танымалдылық сыйлады" деген Мухтабар апа тіпті көршілес жатқан Өзбекстан еліне барса да, шекара қызметкерлеріне дейін танып алды дейді.

Ерімбетовтер отбасы - Sputnik Қазақстан
Өңірлер
Отыз жасында 8 бала туған түркістандық келіншек қандай арманы бар екенін айтты

"Ташкентке жиі барамын. Осыдан үш жыл бұрын сырқаттанып, көзіме ота жасаттым. Шыны керек, көзім мүлдем көрмей қала ма деп қатты қорықтым. Аллаға шүкір, сәтті шықты. Ота жасаған ташкенттік дәрігерге жиі барамын. Мені құдды бір өз анасындай қарсы алады. Шекарадан өтерде ондағы қызметкерлерге де көз таныс боп қалдым. Жағдайымды сұрап, туыстарымдай болып кетті. Ең қызығы, мені танымайтын кейбір адам "қажы апа" деп құрмет көрсетіп жатады. Шынымды айтсам, қысыламын. Себебі мен қажылыққа бармағанмын. Барғым келеді, бірақ денсаулығым жарамайды", — деді ақ жаулықты әже.

Қазығұрт ауданындағы Тұрбат атты көпұлтты ауылда тұратын Мухтабар апа көршілері арасында да ерекше сый мен құрметке ие. Тіпті көршілері перзенттерін бесікке бөлетіп, тұсауын кестіріп жатады екен. Батасын алатындар да баршылық.  

Танымалдылық демекші, Мухтабар апа отандық телеарналардың көбі үйіне іздеп келіп, репортаж түсіргенін мақтанышпен айтты. Тіпті кейбірі арнайы бағдарламаларға қонақ етіп, шақырып та жатады. Тек отандық емес,  Ресей мен Украина телеарналары да Мухтабар апаны бағдарлама кейіпкері ретінде бірнеше рет шақырыпты.

© Sputnik / Жансая Тәуекелқызы"Сақалымды мақтан тұтамын. Ол маған танымалдылық сыйлады" дейді Мухтабар апа
Сақалымды мақтан тұтамын. Ол маған танымалдылық сыйлады дейді Мухтабар апа  - Sputnik Қазақстан
"Сақалымды мақтан тұтамын. Ол маған танымалдылық сыйлады" дейді Мухтабар апа

"Былтыр ғой, жаңа жыл қарсаңында ресейлік бір телеарна ток-шоуға түсіреміз деп хабарласты. Жасым болса кеп қалды. Бара алмайтынымды айттым. Осыдан біраз уақыт бұрын украиндық тілшілер келді. Олар да бағдарлама түсірді. 

қарт әжейдің қолы, архив суреті - Sputnik Қазақстан
Қоғам
Жілікті қолымен сындырған "терминатор" әжей жұртты таңғалдырды
 Биыл жылдың басында украиндық журналистер тағы хабарласты. Айтуларынша, дәл мен секілді ерекше жандар туралы бағдарлама түсірмек екен. Кавказдық бір бойжеткеннің 18 жасында сақалы шыға бастаған екен. Ол қыз өзі студент. Қатты қорқып қалған ғой, тіпті сабаққа да бармай, үйінен шықпай қойыпты.

Сол қыз менімен кездескісі келген екен. Қыздың өтінішімен шоу бағдарлама түсірілетін болыпты. Шақырды. Украинаның қысына біз секілді оңтүстік өлкесінің адамы шыдай бермейді ғой. Оның үстіне орысша білмеймін. Бара алмайтынымды айтып едім, қояр да қоймай хабарласты. Кейін интернет арқылы бағдарлама барысында ол бойжеткенмен аудармашының көмегімен сөйлесіп, еш қорқудың әрі қысылудың қажеті жоқтығын айттым. Содан бері ол қызбен сөйлескенім жоқ", — деп сөзін түйді "сақалды апа".

Жаңалықтар
0