НҰР-СҰЛТАН, 12 қазан – Sputnik. Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев астанада өтіп жатқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨІСШК) сыртқы істер министрлері кездесуінің қатысушыларына үндеу жасады.
Назарбаевтың үндеуін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин оқып берді.
Назарбаев АӨІСШК жұмыс істеп тұрған жылдары айналамызда көп дүние өзгергенін атап өтті.
"Енді Азия жаһандық үстемдік пен қырғи-қабақ соғыстарға қарама-қарсы адамзаттың ортақ болашағы үшін серіктестік, теңқұқылық және өзара ынтымақтастық қағидаттарын белсенді ілгерілетіп жатқан ғаламшардың маңызды саяси орталығына айналды", - делінген үндеуде.
Елбасының сөзінше, бүгінде Азия экономикалық өсім қарқыны жоғары әлем өңірлері рейтингінде бірінші орын алады. Сондай-ақ өңір әлі пайдаланылмаған экономикалық, адами және табиғи әлеуетке ие.
"Тек бір ғана дүние өзгерген жоқ және өзгермейді де: Азия – біздің ортақ үйіміз, оның жай-күйіне, ортақ атмосфераға, өзекті мәселелердің шешілуіне құрлық мемлекеттері тікелей жауапты. Өкінішке қарай, АӨІСШК кеңістігінде әлі де шиеленіс ошағы мен тұрақсыздық аймағы, аумақтық даулар мен ядролық қарусыздандыру проблемалары бар", - деді Назарбаев.
Тұңғыш президент АӨІСШК аясында соңғы жылдары атқарылған үлкен жұмыс пен оған қатысатын мемлекеттердің берік саяси ерік-жігері Азияда ортақ қауіпсіздік, сенім мен өзара іс-қимыл кеңістігін құруға мүмкіндік беретініне сенімді.
АӨІСШК деген не
Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨІСШК) – Азияда бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық форум. Форум Қазақстан бастамасымен 1992 жылы құрылды. Бүгінде кеңеске Азияның 27 мемлекеті мүше, тағы тоғыз ел мен бес халықаралық ұйым форумға бақылаушы ретінде кіреді.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Назарбаевты ғұламалар кеңесінің басшысы лауазымына ұсынды
Қазақстан тарапы 2020-2022 жылдар аралығында кеңеске төрағалық етеді.