НҰР-СҰЛТАН, 16 қыркүйек – Sputnik. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы елдері ауған босқындары мен шет мемлекеттердің әскери базаларын өз аумағында орналастыру қолайсыз екенін мәлімдеді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Тоқаев гуманитарлық көзқарас тұрғысынан және ауған халқына халықаралық көмек көрсетудің маңыздылығын басшылыққа алып, Алматыда БҰҰ-ның Ауғанстандағы миссиясының қызметкерлері уақытша жайғастырылғанын хабарлады.
"Біздің бақылауымыз бойынша Ауғанстандағы жағдай тұрақсыздыққа қарай ығысып, бұл азаматтық соғысқа алып келетін түрі бар. Жаңа уақытша үкімет құрылды. Әлемде оның құрамы мен ниетіне түрлі баға берілді. Жаңа тәліб әкімшілігінің құрылуы Ауғанстанда бейбітшілік орнағанын және экономикалық даму үшін жағдай жасалатынын білдірмейтіні анық. Мұның астарына үңілу керек", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.