ҚЫЗЫЛОРДА, 11 қараша – Sputnik. Қызылордада жаяу жүргіншіні қағып өлтірген Ресей нөмірін таққан автокөліктің жүргізушісі сотталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оқиға 2020 жылдың 11 қазанында Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде болған. Облыс орталығының тұрғыны орталық көшелердің бірінде "Toyota Corona Premio" автокөлігімен жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ол алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Бұл оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолданған болатын. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Ресей нөмірін таққан автокөліктің жүргізушісі сотталғанын мәлім етті.
"Қызылорда қаласы №2 сотының үкімімен жүргізуші Қазақстан Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 2 жыл 6 ай бас бостандығынан және 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар сот жәбірленуші тарапқа 9 820 190 теңге моральдық және материалдық залалды өтеуді міндеттеді", – деп хабарлады Қызылорда облыстық полиция департаменті.
Оқи отырыңыз: