НҰР-СҰЛТАН, 19 қыркүйек – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында полицейдің қатысуымен болған жол апатынан пробация қызметінің қызметкері көз жұмды, деп жазады "Мой ГОРОД".
Жол апаты 18 қыркүйек Орал-Кирсаново тас жолында Трекино ауылына жақын маңда болған. БҚО полиция департаментінің хабарлауынша, Opel және "Лада Приора" көліктері соқтығысқан.
"Opel көлігінің жүргізушісі екіншісін басып озуға тырысқан, бірақ рөлге ие бола алмай, "Приорамен" соқтығысады. Салдарынан екі көлік те аударылып қалған. Қазіргі уақытта қылмыстық кодекстің 345-бабы "Жол қозғалысы ережелерін бұзу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында бірқатар сараптама жасалады. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - деді БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібаев.
Жол апатынан "Лада Приора" жүргізушісі қаза болды. Ол - Бәйтерек ауданының №2 пробация қызметінің 27 жастағы қызметкері, юстиция лейтенанты Думанбек Молдашев. БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, ер адам өз көлігімен Дарьинск ауылына жұмысқа бара жатқан.
"Екінші көліктің рөлінде Дарьинск аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі болған. Думанбек Молдашев ауыр хәлде облыстық ауруханаға жеткізілді, бірақ алған жарақатынан есін жимастан көз жұмды", - деді баспасөз қызметіндегілер.
Молдашевтың артында әйелі мен екі жасар баласы қалды. Ол әділет органдарында 2015 жылдан қызмет еткен.
Екінші жүргізуші, Дарьинск аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.